Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? — Өңірлік баспасөзге шолу

0
Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат — Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

Каппадокиядан қай жеріміз кем?! — «Оңтүстік Қазақстан» газеті


Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу 

Мақалада негізінен әйгілі Отырарда туризмді дамыту мәселесі көтерілген. Автор осы бағытта алты шартты алға тартыпты. Шындығында әлемде көне тарихи қалаларға саяхаттаушылар саны жыл санап өсіп келеді. Бір ғана Түркияның Каппадокия жеріне жылына екі миллионға тарта турист келеді екен. Осыған орай, мақалада Түркістан өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері зор бола тұра, бұл саланың даму көрсеткіштері көңіл көншітпейтіні айтылады. Автор Каппадокияның туристік сервисін тамсана тәптіштеп шығады. Сосын «Қазақстанның Каппадокиядан қай жері кем?!» дегенді де алға тартады. Тіпті көршілес өзбектер де тарлан тарихта ойып тұрып орын алатын, әлемге әйгілі Самарқан мен Бұхара қалаларын туризмнің ордасына айналдыра алғанын сөз етеді. Ал біздегі жағдайды еш салыстыруға келмейді. Осыған байланысты автор мақалада туризмді дамытуға біршама пікір білдіріп, Отырардың тарихи- мәдени туристік әлеуетін жақсарту үшін бірнеше ұсыныс жасайды.

«Біріншіден, Отырардың туристік индустриясын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы жетілдіріп, ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу қажет. Екіншіден, қызмет көрсету сапасы мен туристік инфрақұрылымды жақсартуымыз керек. Үшіншіден, Көне Отырар мен Оқсыз қалашығының және өзге де тарихи нысандардың инфрақұрылымын қалпына келтіру өте маңызды. Төртіншіден, ауданның туристік қызмет бағаларын қолжетімді етсек, жергілікті туристік жарнама агенттерін құрып, ауданымыздың туристік беделін қалыптастыру үшін республика жəне шетелдерде туристік ақпараттық орталықтар ұйымдастырсақ жұмыстың үлкені сол болар еді. Бесіншіден, ауданның өзінен шетелдік қонақтарға сапалы қызмет көрсететін туристік фирмалар ашқан жөн. Алтыншыдан, Отырардың тарихы мен туризмі туралы сапалы полиграфиялық жəне аудиобейне жарнама материалдары көптеп шығарылып, белсенді түрде таратылуы қажет

Қалай болғанда да Отырар аймағын әлемге паш ететін тарихи сәт келіп жетті».

Тұлпарын он миллион теңгеге де сатпайды — «Замана» газеті

Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу 

«Замана» газетінің жазуынша, Жетісай ауданында тұратын Совет Мұсаевтың жылқы өсірумен айналысқанына 8 жылға жуықтапты. Кәсіпкер әуелде санаулы бас жылқымен жұмыс бастап, бүгінде жылқыларының саны 60-қа жеткізген. Мақалада кәсіпкер жылқы бағудағы жайылымның тарлығы туралы мәселе көтеріпті.

«Жылқы — малдың асылы саналады. Сол себепті де жақсы күтімді қажет етеді. Округ аумағында жайылым, шабындық жерлер мүлде жоқ. Осының кесірінен шаруашылыққа жұмсалатын шығын үлкен. Қазірдің өзінде кәсіпкерлігімнен мол пайда көріп жатырмын дей алмаймын. Жайылым жер жоқтығынан жаз мезгілінде ай сайын бір бас жылқыға едәуір қаржы жұмсалады» депті кәсіпкер. Ол жылқы басын 100-ден асырып жіберуге болатыны, бірақ оған қолбайлау мәселелер бар екенін де атап өтеді.

Бәрінен қызығы оның шаруа қожалығында құны 45 миллион теңгеге пара-пар 5 көкпар аты бапталып жатыр екен. Тіпті көкпар атын ұстауды хобби санайтын кәсіпкердің Ракета деген атпен танылған тұлпары түркіменнің ақалтеке тұқымымен будандастырылған екен. 6 жасар айғыр бүгінде Оңтүстік жеріндегі үлкен көкпарларда олжа салып жүр. «Сат деп жатқандардың қатары күн санап артса да Ракетасын 10 миллион теңгеге де сатпайтынын айтады қожалық төрағасы».

Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? — «Жетісу» газеті

Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу 

«Жетісу» газеті осы тақырыпты талқыға тастап, бірқатар тұлғалардың пікірін беріпті. Мәселен, Жүрсін Ерман осы сұраққа былай жауап беріпті: «Қазақта ұлттық намыс жоқ. Ол әр адамның бойына керек қасиет. Біз Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Мынау жаһанданудың жұмырында жұтылып кетпеу үшін өзімізді алға сүйреу керекпіз. Ұлы мақсатқа лайық ұлы намыс қажет. Тілдің мәселесін көп айтамыз ғой. Ол да сол намыссыздықтан туған індет. Жеке дара тәуелсіз ел атанғанымызға жиырма жеті жыл болып қалыпты. Бір қарағанда, аз уақыт емес. Бірақ осыған қарамастан, ұлты қазақ бола тұра әлі де тәуелсіздіктің мән-мағынасын ұғынбайтындар, әлі де қазақ тіліне мұрын шүйіріп қарайтындар кездеседі. Солардың ішінде ел келешегі жастардың бар екенін сезгенде көңіл құлазиды. Тек көңілге үміт ұялататыны «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген Елбасының сөзі. Бірақ, осы сөздерді біздің қазақтар естімейтін секілді…».

Ал эстрада әншісі Жігер Ауыпбаветың пікірінше, қазаққа мінез жетіспейді. Бұл ретте әнші «қазақтар өзінің елінде, өз жерінде жүрсе де төменшіктеп, басқалардың алдында жасқаншақтап тұратынын», көбінесе қазақтың кемшілігі бетіне басылатынын алға тартады. Оның пайымынша, қазаққа өз жерінің қожасы екенін білдіретін тебінді әрекет болуы қажет.

Тағы бір пікір айтушы Сажида Зиятай қоғамға мейірімділік жетіспейтінін алға тартады. Қазіргі адамдардың қатыгез болып бара жатқанын сөз етеді.

«Құс екеш құстың өзі бір-біріне мейірім таныта алады. Сондықтан біз де бойдағы асыл қасиеттерді жоғалтпай, кешіріммен, бірлікпен, мейіріммен бір-бірімізді түзете алсақ, бір-бірімізге жақсылық тілесек, біріміздің бойымыздағы асыл қасиетті көре білсек, «жоғымызды жасырып, барымызды асыра» алсақ, бар қиындықты жеңгеніміз».

Долларсыз дүние… — «Сыр бойы» газеті


Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу 

Теңге күніне байланысты жарияланған мақала екен. Автор осыдан біраз жыл бұрын жағдай тіпті басқаша болғанын айтады. Жазуынша, күн сайын амандық-саулықтан кейін доллардың бағамын сұрау қалыптасқан дәстүр болатын. Тіпті екі адамның басы қосылса да әңгіме ауаны долларға келіп тірелетін.

«Бүгінде елдің көк қағазға деген көңілі суи бастады. Талайлы тағдырды бастан өткеріп, тіпті кейбіреулер онымен қош айтысуды да болжаған теңге бүгінде дін аман, тіпті күшейіп келеді. Шынында да 2016 жылдың тамызында қайтып тұрмастай құлдыраған теңгенің халі мүшкіл болатын. Талай белестерден өтіп келе жатқан теңгенің болашағын жарқын ету әрбіріміздің санамыздағы долларға тәуелділіктен құтылудан басталса керек» деп жазады автор.

Мақалаға қарағанда, қазір қазақ қоғамында «доллармен» сөйлеу азая бастаған. Долларсыз-ақ талай қазақ көлік сатып, үй сатып, баспана алып жатыр. Теңге де бұрынғыдай жалтақ емес, экономика әлемінде өз қиындығын өзі көріп, өзі алға қарай ұмтылып келеді.

«Мамандар пікірінше, ақшаның құнсызданғанынан қорықпау керек. Себебі құнсыздану отандық өндірістің, оның ішінде ұсақ өнеркәсіптің дамуына жол ашады екен. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенер болсақ, шағын өнеркәсіпті өркендету сол елдің тұрақты дамуының кепілі болмақ. Мұны мамандар шағын өнеркәсіптің дағдарыс желінен соншалықты зардап шекпейтіндігімен түсіндіреді».

Қысқасы, автор қазір қазақтар бұрынғыдай доллардың қас-қабағына қарамайтынын айтыпты.

Өз тілім және өзгелері — «Қостанай таңы» газеті


Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу

«Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз!» — деп ұрандатқан патриоттар мен «ана тілінде тілдесуге мұрсат бермей жатыр!» — деп атойлаған өзге ұлт өкілдерінің жазбалары соңғы кездері әлеуметтік желілерде желдей есуде. Жазбаларды жүктегендердің шынымен де тілдің жанашыры, я болмаса, арзан ұпай жинауға ұмтылғандар екенін айқын аңғару мүмкін емес. Анығы — мемлекеттік тілді желеу еткендер діттегеніне жетіп жатыр. Тілге қатысты теке-тірестердің тұрмыстық деңгейден асып, әлеуметтік сипатқа ие бола бастағаны осының айғағы» деп жазады «Қостанай таңы» газеті.

Мақалада әлеуметтік желі арқылы танылған Оғыз Доғанның әрекеті туралы айтылып, осы жағдайдан кейін мемлекеттік тілге қатысты мәселеге мән беріле бастағанына назар аударылады. Бір сөзбен айтқанда ана тіліміз «хайпократтар» сценарийінің жемісін көріп отыр.

Осыған байланысты мақалада қазақ және басқа да тілдердің қолдану аясындағы бүгінгі ахуалға сарап жасалып, болашаққа болжам да айтылады. Мәселен, алдағы 10 жылдың көлемінде қазақстандықтардың 90% қазақша сөйлейді екен. Ал, 15-20 жылдың шамасында Қазақстан көп ұлтты мемлекеттен моно мемлекетке айналуы тиіс.

«Болжамдарға сүйенер болсақ, алдағы он жылдың ішінде Қазақстанды мекен еткен орыс ұлтының өкілдері ұлттық құрам жағынан екінші орыннан 3-4 орындарға сырғуы тиіс. Қазақ елін мекен еткен орыстардың тарихи отанына оралуы — заңды құбылыс. Оның бірнеше себебі бар. Көрші мемлекетте жүргізілген демографиялық зерттеулер бала туу көрсеткішінің ресейлік мұсылмандарда славяндардан үш есеге басым екенін көрсеткен. Демографиялық өсімнің тежелуі, ішкі экономикалық ахуалдың төмендеуі және сыртқы байланыстың үзілуі Ресейдің ұлттық құрамын күшейтуге бағытталған бірқатар бағдарламаларын қабылдауына түрткі болды. Аталған елдегі зейнетақы реформасы, «Отандастар» бағдарламасы — адами капиталды жетілдіру, демографиялық жағдайды түзеуге бағытталған жобаларының басы ғана» деп жазады автор.

Мақалада қазақшаға кім қарсы деген мәселе де көлденең тартылады. Тіпті Қостанай облысындағы жағдай сарапқа салынып, мұнда қазақ тілі кеңге қанат жая бастаған сайын, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің кейбірінің тынысы тарыла бастағандай көрінетіні айтылады.

«Осыдан да болар, біздегі қаламмен қаруланған өзге ұлт өкілдерінің «жазғыштары» аракідік жергілікті басылымдарда өз тілдерінің қусырылып бара жатқанын айтып, атойлап қояды. Енді бірі тілге қатысты кәрін әлеуметтік желілерде төгеді. Жазбалардың дені тұрмыстық деңгейде, болмашы нәрсенің төңірегінде өрбіген. Халықтың жаппай дүрлігуіне ешбір себеп те жоқ. Жалпы, қазақстандықтарға мемлекеттік тіліміздің Қазақ тілі екенін, оның Конституциямен айқындалғанын айтудың өзі артық болар» дейді автор.

Адамдар неге өз өзімен сөйлеседі? — «Орал өңірі» газеті

Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу 

«Орал өңірі» газетінде тілші соңғы кездері көшеде, қоғамдық көлікте өзімен-өзі сөйлесіп отыратын адамдарды жиі ұшырататынын жазыпты. Сосын осы мәселеге мақала арнап, мамандардан да пікір өрбіткен екен. Маман демекші психологтар мұндайды, яғни адамдардың өз-өзімен сөйлесуін қалыпты жағдай деп есептейтін көрінеді.

«Бұл психикалық ауытқу емес. Әр адамның өз ерекшелігі болады. Кейбір адамдар әлдебір істі бастамас бұрын әуелі дауыстап айтып, өзін сол жұмысқа бағыттап алады. Кей адамдарда ішкі сөйлесу бала кезінен қалыптасуы мүмкін. Көбіне жалғыз адамдар өз-өзімен сөйлеседі. Бұл қорқынышты емес» деген екен психолог маман.

Айтса айтқандай ақ, мақала кейіпкерінің бірі де әлгі маман нұсқағандай бір істі бастамас бұрын күбірлеп сөйлеп алады екен. Оны өзі де мысалға келтіріп, айтып берген. Ондайлар кейде өз-өзіне айқайлап, ұрсып та алатын көрінеді. Ең ақыр аяғы өзіне-өзі сөйлеу — мазасыздықтан арылудың бір әдісі екені де анықталыпты. Автор Германияның психолог мамандары жүргізген зерттеу нәтижесі туралы айта отырып, онда «өзіне-өзі сөйлеу мазасыздықтан арылудың тиімді әдісі деген байламға келгенін» жазады.

«Ғалымдардың зеттеуінше, өзіменөзі сөйлесу — адамның даму деңгейінің бір бөлігі. Психолог Жан Пиаже кішкентай балалар тілі шыққан кезде өз істерін оңай басқаратындығын аңғарған. 2008 жылы Джордж Мейсон университеті жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл гипотеза дәлелденген. Қалай болғанда да, өзімен-өзі сөйлесудің де өз шегі бар екен. Егер адам шектен шығып, жан-жағына бұрылып, елестермен сөйлесе бастаса, тезірек мамандар кеңесіне жүгінген жөн. Жалпы, өзімен-өзі сөйлесуді кей ғалымдар адамның дауыстап ойлануы, зияткерлік көрсеткіші деп те бағалаған. Ал сіз, өз-өзіңізбен сөйлесесіз бе?..»

 

Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе? — «Атырау» газеті

Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу

«Ескі жазбаларымды қарап отырып, бұдан біраз жылғы кейбір деректерге кезіктім. Сонау 2001 жылы ақпанда Теңіз кенішінде жер сілкініп, жұртты біраз әбігерге салған-ды. Сол кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах Диаров мұндай оқиғаның қайталануы әбден мүмкін екендігін айтқан» деп бастайды автор мақаласында.

Жазуынша, жалпы, техногендік сипаттағы жер сілкінуі республиканың батыс өңіріне, соның ішінде Атырауға да тән екен. Өйткені, оның негізгі себептерінің бірі — ұзақ уақыт тым тереңнен мұнай мен газ өндіру салдарынан жер қыртысында бос кеңістіктің қалыптасуы. Яғни, мұнай алынған жерді қайта толтырмаса, онда әлгі орын құламалы болады. Сондықтан, кеніштерде міндетті түрде су ұңғымалары бірге қазылады екен.

Ал мақалада айтылған академик Мұфтах Диаровтың сөзіне қарағанда, негізінде өндірілген бір тонна мұнай орнына кемінде бес тонна су айдалуы тиіс екен. Әйтпесе, әлгі жер бос қалады. Теңізде бұл кеңістік толтырылмайды екен. Сөйтіп, жер кернеуі қалпына келтірілмейді.

«Көне қағаздар шерткен тағы бір сыр — мұнда 2011 жылы ақпанда күші төрт баллдан асатын техногендік сипаттағы жер сілкінісінің болғаны. Неге екенін қайдам, оны құзырлы орындар жасыруға тырысты. Әлде қолдарында мәлімет болмады ма? Алайда, бұл құбылысты Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында орналасқан «Ақ бұлақ» сейсмикалық орталығы тіркеген. Сол арқылы ол жалпақ жұртқа жария болды. Шетелдерге тарады. Оның үстіне, ауызекі әңгімеде кеніште қазір де аз-кем дүмпу орын алатыны айтылады. Бұған сондағы жұмысшылар үйреніп те кеткен тәрізді. Күші шағын болғандықтан, арнайы құралдар да қабылдай бермейді» деп жазады автор.

Мақалада соңғы кездері бұрғышылар тым тереңге көз тіге бастағаны айтылады. Сосын мамандарға сүйеніп, қазірдің өзінде жер астында төрт-бес шақырымдық бос кеңістіктер пайда болып жатқандығын айтады. Оның қауіпті екендігін ескертеді.

«Мамандардың пікірінше, мұнда бүгінгі ахуал осылай сақталса, әзірге күші бес баллдан жоғары жер сілкінісі орын алмайды. Соның ішінде Атырау қаласына төніп тұрған тура қауіп жоқ. Әйтсе де, аймақтағы кеніштердің бірінде болуы ықтимал техногендік сипаттағы оқиға облыс орталығына да әсер етеді. Демек, жағдайды жіті қадағалап, барлық мәліметті қолда ұстау үшін жақсы жабдықталған сейсмикалық кешенді қондырғы қажет. Бұдан біраз жыл бұрын көршілес Батыс Қазақстан облысында техногендік жарықшақ пайда болып, жер сілкінісі қаупі сезілген соң тұтас ауылды көшіруге тура келгенін есімізден шығармалық».

Аста-төк тойдан тиылатын кез келді — «Арқа ажары» газеті


Қазаққа қандай қасиет жетіспейді? - Өңірлік баспасөзге шолу  

Мақалада қазақ тойындағы бәсеке жайында жазылады. Айта кетерлігі, той турасындағы пікірді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білдіріп, бұл мәселеде көрші өзбектер мен бауырлас түріктерден үлгі алу қажеттігін айтқан еді. Мақалада да осыған қатысты қазіргі қазақтың той шығыны сараланыпты.

«Тойға қанша ақша жұмсалады деген мәселеге келсек, қарапайым халық той жасау үшін кемінде 15-20 мың доллар жұмсайды екен. Оның ішіне кит, мейрамхана, қыз жасауы, өзге де қымбат сыйлықтар кіреді. Ал енді осы бағаға, яғни, теңгеге шаққанда 7 500 000 теңге жұмсалатын той шығынына кететін ақшаға Астана мен Алматының шеткі ауданынан 1 бөлмелі пәтер, Шымкенттен 3 бөлмелі үй алуға болады дейді экономистер. Тойға сонша ақша шашқанша, жас жұбайлардың болашағын ойласа, сол ақшаға күйеу бала мен қалыңдықтың ата-анасы бірлесіп баспана алып берсе, жас жұбайларға жасалған ең үлкен сыйлық сол емес пе».

Автордың жазуынша, тойдағы ысырапшылдықты тыю туралы бастамаға қарсылар да бар екен. Олар негізінен тойдан күреп табыс тауып жүрген әнші-жұлдыздар.

«Продюсер Қыдырәлі Болманов «Елімізде заң шығаратын мәселелер таусылып, той ғана қалған ба? Онда сіз бақытты адамсыз. Бүкіл проблемамыз шешіледі ме одан? Бізге түйінді мәселелерді шешу керек. Той — ол бұрыннан келе жатқан нәрсе» деп бұл мәселеге қатысты ой-түйінін білдірген».

Мақалада Діни басқарманың өлген адамды жерлеуге қатысты аста-төк дастархан жасауға тыйым салу жөніндегі бастамасы жер-жерден кең қолдау тапқаны, бұл мәселе ақырындап жолға қойылып келе жатқаны айтылады. «Сол сияқты тойдағы ысырапшылдыққа қатысты да осындай заң негізіндегі тыйым салу қарастырылса, оның тойжарысқа түскен жандарды ақылға шақырып, үнемшілдікке үйретуге игі ықпалын тигізері анық».