Қазақ жастары африкалықтарға құдық орнатып берді (видео)
Малави елінде халықаралық мектепте жұмыс істейтін қазақ жастары суға зәру жергілікті тұрғындарға қайырымдылық ретінде құдық орнатып берді. Малави жұрты барша Қазақстан халқына сәлем жолдап, алғыс білдірді.
Малавидегі халықаралық мектепте қызмет ететін Бекарыстың (аты-жөнін толық атауға қарсы – ред.) айтуынша бұл қайырымдылыққа ешқандай бағдарлама, компаниялардың қатысы жоқ. “Осы жақта жұмыс істеп жатқаннан кейін, қайырымды жандар маған байланысқа шығып, осы елдегі мұқтаж жандарға көмек көрсетейік деген ниет білдірді.
Өтінішін орындадық. Бар болғаны сол. Бұны біз жария еткіміз келмейді. Екіншіден, желіге салған видео жақында шыққан атышулы фильмдегі туымыздың мәртебесіне қатысты кішігірім жауабымыз ретінде түсірілген видео еді”, – дейді қайырымдылық істі ұйымдастырушы. Естеріңізге сала кетсек, Австралияның Сидней қаласындағы жағажайлардың бірінде Бораттың мүсіні қойылып, Қазақстан туымен флешмоб ұйымдастырылған болатын. Қазақстандықтар бұл шулы оқиғаға қарсы әлеуметтік желілерде “Мен туымды мақтан етемін” флешмобын бастап, өз наразылықтарын білдірді. Мыңдаған желі қолданушысы мемлекеттік рәміздің суретін өз парақшаларында жариялады.
kaz.nur.kz