«Қазақ тілінде оқи алатын дәрежеге жеттім». Африкадан келген футболшы
Африка континентінен келген қазақстандық футболшы 31 жастағы Драмане Коне отандық футболда өнер көрсетіп жүргеніне тоғыз жыл болыпты. «Ақжайық» футбол командасының шақыртуымен елге келген Кот-д’Ивуар елінің тумасы бүгінде ұлттық турнирдің екінші дивизионында ойнап жүр.
Драмане Коне сегіз жасынан бастап доп теуіп, футбол ойнай бастаған. Ол — Кот-д’Ивуардың Абиждан қаласының тумасы.
Кот-д’Ивуар елінің астанасы Ямусукро болғанмен, экономикалық және мәдение астанасы — Абиджан. Онда 5,2 млн халық тұрады.
Елдің негізгі тілі — француз болып саналады, оның себебі Кот-д’Ивуар 1960 жылға дейін Францияның колониясы болғанымен байланысты.
Драмане Коне елінде әртүрлі этникалық топтар бар екенін осыған сәйкес дәстүр де көп екенін айтады.
«Біздің елдің дәстүрі көп. Ол жақта католиктер де, христиандар, мұсылмандар да аралас тұрады», — дейді ол.
«Қазақстанға 2011 жылы «Ақжайық» ФК шақыртуымен келдім. Осы жылдан бері Орал қаласына тұрақтадым, қазір де сонда тұрып жатырмын», — дейді ол.
Менің отаным Дидье Дрогба футбол жұлдызының туған жері, дейді Коне (Дидье Ив Дрогба Тебили — шабуылшы позициясында ойнайтын футболшы. Кот-д’Ивуар құрамасының тарихындағы ең үздік бомбардир. «Челси» ағылшын клубы тарихындағы шетелдік ойыншылар арасындағы үздік сұрмерген — ред.).
Коне осы уақытқа дейін «Ақжайық» ФК, «Орал» ФК, «Астана 64», «Каспий Ақтау», «Мақтаарал Шымкент» футбол командаларында ойнаған. «Барлығының да өз ерекшеліктері бар, ойын әрқайсысында ұнады», — дейді ол.
Айтуынша, қазақстандық футболдың аяқ алысы жаман емес.
«Қазақстандық футболдың дамуына инфрақұрылым, стадиондар, балалар алаңдары жетіспейді. Қазір отандық футбол даму үстінде, жақсы футболшылар да жоқ емес. Біздің құрамада ойнап жатқандар еуропалық футбол клубында да ойнауға қауқары жетеді», — деген пікірде Коне.
«2011 жылы Түркияға шыққанымда мені «Ақжайық» футбол клубы байқап қалады, содан кейін өздеріне шақырады. Қазіргі уақытта «Мақтаарал» футбол клубы құрамында ойнаймын, — дейді Коне.
Бүгінде футболшы шаңырақ көтеріп, үш қыздың әкесі атанды.
«Қазақстан өте қонақжай халық. Дәстүрлері өте көп, үйлену тойдан бастап, бесік той, тұсау кесу сияқты салттары да аз емес. Ал ауа-райына келсек, Қазақстанның қысына, суығына үйрене алмай жүрмін», — дейді Драмане Коне.
«Сүйікті тағамым ет пен қуырдақ. Алайда өзімнің туған жерімнің де тағамдарын сағындым. Біздің ел Атлант мұхитына шығатындықтан, теңіз тағамдарын көп жейміз», — дейді ол.
Қазіргі уақытта аяқдоп шебері қазақ тілін үйреніп жүр. Қазақ қызға үйленген оның қыздары да қазақша сөйлейді.
«Үнемі қазақ тілімді жетілдіріп отырамын. Қазақ тілінде оқи алатын дәрежеге жеттім. Қарапайым сөздерді «не істеп жатсың», «болмайды», «қайда тұрасың», «жасың нешеде» деген сөздерді білемін. Әлі де үйреніп жүрмін», — дейді футболшы.
stan.kz