Қазақ тілін үйрену үшін голландиялық дәрігер қазақ ауылына көшіп барған
Голландиялық эрготерапевт Натан Виссер Қазақстанда он жыл тұрып, арбаға таңылған біраз баланың аяққа тұруына көмектескен. Қазақтың жанын түсіну үшін алдымен тілін үйрену керек деген дәрігер тіпті, қазақ ауылына барып тұрған.
Натан Виссер Қазақстанға алғаш рет 2005 жылы келген. Табиғаты сұлу, халқы қонақжай елді ұнатып, бір жылдан соң көшіп келіпті. Эрготерапевт Нидерландыда алған дипломымен бірден ауылға барған.
«2006 жылы ұйымның директоры «Алматыда тұрсаң қазақша, мәдениет, тіл үйренбейсің, ауылға барсаң үйренуге мүмкіндік бар» деді. Балалармен жұмыс істейтіндіктен, олардың ойын білу үшін тілді үйрену керек болғандықтан, бұны дұрыс деп ойладым», — дейді Натан.
Алматы облысының Көктал ауылында өкіл әке-шешесі Берік пен Әлиманың отбасында тұрған Натан қазақша үйренген. Арбаға таңылған қазақ балаларын емдеумен айналысқан.
Дәрігер Қазақстанда мұқтаж жандарға көмектесіп жүріп болашақ жары Эйвелинді кездестірген. Келіншегі де эрготерапевт. Натан әйелінің қалың малын төлеп, тойды қазақы дәстүрмен, Алматыда өткізген. Қазақтың құрметіне үш баласының атын Берік, Аяна, Сәуле деп қойыпты.
Натан елімізде тұрған он жылда мыңдаған мүгедек баланың аяққа тұрып кетуіне күш салған. Эйвелин екеуі олардың әр қадамына қуанып, ғаламтор арқылы күнделікті жағдайларын біліп отырады.
Бұдан кейін де мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созуда армандайтын дәрігер Қазақстанды ешқашан ұмытпайтынын, естеліктер жүрегінде сақталатынын айтты.
Нұр.кз