Мемлекеттік органдар қызметкерлері бір банктен ғана қызмет алуға міндеттей ала ма? – Қазақстан жаңалықтары

0
83

Жақында желі қолданушылары арасында мемлекеттік органдар мен ірі компаниялар Halyk Bank -пен келісімшартқа отырып, есеп айырысу, қызметкерлердің жалақысын төлеу, шотқа ақша аудару сияқты операциялар дәл осы қаржы институты арқылы өтетіні туралы ақпарат тараған болатын. Осы орайда қазақстандықтар банк қызметін таңдаудағы еркіндік құқығының сақталмай жатқандығын желіде айтып шағымданды. Бұл ретте жұмыс беруші және қызметкер арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері мен екінші деңгейлі банктердің позицясына қатысты маман пікірін білдік.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 747-бабының 2-тармағына сәйкес заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр  банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдауға құқылы екендігін, алайда назар аударатын бірнеше пункт бар екенін жеткізді.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері банктердің қызметін жұмыс берушімен еңбек қатынастары негізінде жалақы жобасы шеңберінде алатынын айтады.

«Жұмыс беруші белгілі бір банкпен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып тараптар айқындаған талаптармен жалақы жобасы туралы шарт жасайды», – деп жазылды агенттіктің жауабында.

Сонымен бірге, жалақы жобасы шеңберінде жұмыс беруші және қызметкер алатын қызметтер өзара байланысты, банктің қызметін пайдаланатын қызметкерге белгілі бір жеңілдік талаптары қолданылады екен: кредиттік өнімдер бойынша жеңілдік мөлшерлемелері, банк картасына комиссиясыз жылдық қызмет көрсету және т.с.с. жеңілдіктер.

Осылайша, бірнеше факторға қатысты: жалақы жобасы туралы шарттың талаптары, еңбек шартының немесе өзге қосымша келісімдердің, жұмыс берушінің ішкі қағидалары және кадр саясаты ережелерінің талаптары ескеріледі.

Жалақысын бекітілген банктен алғысы келмейтін қызметкерлер жұмыс берушіге мүдделі банктермен жалақы жобасы туралы шарт жасау жөніндегі ұсыныспен өтініш жасауы керек.

Экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Атамұрат Шәменов отандық екінші деңгейлі банктер шетелдің жұмыс істеу механизмін үйреніп, халыққа бет бұрыс жасау керек екенін айтады. Экономист екінші деңгейлі банктер халықтың есебінен өмір сүріп жатқаны жасырын емес дегенді тілге тиек етті.

«Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерді халықтың үстіне мінген паразит жәндіктерге теңестіремін. Отандық банктер өз жолымен, нарықтық қарым-қатынасқа байланысты заңдылықпен, халықаралық негіздегі заңдылықтармен жүрудің орнына өз механизмдерін пайдаланған халықтың үстіндегі паразиттер, халықтың үстінен күн көріп отыр», – дейді экономист.

«Салыстырмалы түрде айтсақ, шетелдің банкілері 3-4 пайыздың төңірегінде несие береді. Американың банкі көлік алсаңыз 1 пайыз несие береді. Сонда осы банктер қалай өмір сүріп жатыр деген сұрақ туады. Бұл дегеніміз осындай пайызбен халыққа несие беріп, жұмыс істеуге болады деген сөз. Ал біздің банктен неге 20 пайыздық несиемен алуымыз керек? Дамыған 20 елге қосыламыз деген бағытта, сол үрдістерге мойынсұнып жатқанымыз дұрыс. Осы жолда не себепті халықаралық банк жүйесіндегі тәртіптерді үйреніп, енгізбеске?», – дейді Атамұрат Мөрәліұлы.

«Қазір халықтың табысының 50 пайызы тамағына, одан қалса несиесіне кетіп жатыр. Менеджмент саласының теориясы бойынша егер сіз алыпсатарлыққа 20 пайыз үстеме қоссаңыз, компанияның күн көрісіне осы да жетеді. Ал біздегі үстеме жоқ дегенде 50 пайыз болып тұр. Маусым біткен уақытта 70 пайыз жеңілдік болып жатыр деп халықтың басын қатырады. Мемлекеттің миллиардтаған ақшаны екінші деңгейлі банктерге бөліп, құтқарып жатқанын қолдамаймын», – дейді ол.

Экономистің сөзінше, нарықтық жағдайда екінші деңгейлі банктер түрлі жолдар арқылы халықты жақындата білу керек.

«Мысалы Forte Bank жақында Есентай сауда орталығында «Porshe» брендіндегі көлікті ойнатты. Шарт бойынша орталықтағы дүкеннен 150 мың теңгеге киім алу керек болды, сонда лотереялық билет аласыз. Осы лотерея ойнатылған күндері Есентайға кіретін көліктердің соңы Достықтан асып, Төле би жаққа дейін кептеліс болды. Ойналған күні 3 мыңға жуық адам қатысқан. Сонда 450 000 000 теңге сауда орындарына түсті. Сол сияқты банк жүйесінде жеңіл несиелер, лотерея ұйымдастырып, несие пайызын түсіріп сол арқылы пайда табуға болады. Біздегі саудадағы басты қателік – бағасын өте қымбат етіп қою. Екінші деңгейлі банктер шетелдің жұмыс істеу механизмін үйрену керек. Олар халыққа бет бұрыс жасау керек. Өйткені инвестиция банк арқылы беріледі, кәсіпкерлікті қолдау үшін қаражат та банк арқылы жүзеге асады, демек экономиканы дамытатын банктер», – дейді маман.

stan.kz