Қазақ – Қазақстанда олигархтық деңгейде бай бола алмайды, ол үшін «отбасы» мүшесі болуың керек – Марғұлан Сейсембай

0

Танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембай Exclusive.kz порталына берген сұхбатында журналистің: «Осы уақытқа дейін бизнес элитаның ұстанымы түсініксіз болып тұр. 2020 жылы «Каспий банк» пен «Фридом Финанс» (Қазақстан қор биржасында клиенттерге брокерлік қызмет көрсететін компания – «D») жетістіктерінің арқасында Қазақстан әлемдік қаржы инновациясы картасынан орын алды.

Бұл жетістікке сырттан келген Михаил Ломтадзе мен Тимур Турловтың арқасында қол жеткіздік. Неге қазақтардың өзі осындай жетістіктерге қол жеткізе алмай отыр?» деген сұрағына жауап берді.

«Бұл сұрақтың жауабы біздегі саяси жүйемен байланысты. Біріншіден, «Фридом Финанс» ТМД мемлекеттерінің бәрінде жұмыс жасап отыр. Тек қана Қазақстан шеңберінде ондай жетістікке қол жеткізу мүмкін емес.

«Каспий» туралы айтар болсақ, ұзақ уақыт бойы бұл банкке белгілі бір топтар қолдау білдіріп келді. Сондықтан бұл да таза жетістік емес. Қазақстанның өзіндегі ауқатты олигархтарды алып қарасақ, араларында қазақтар мүлде жоқ десе де болады: Машкевич, Шодиев, Ибрагимов, Ким, Миттал…

Қазақ – Қазақстанда олигархтық деңгейде бай бола алмайды. Бай болу үшін, сен «отбасы» мүшесі немесе қазақ емес болуың шарт. Бұл біздегі заңдылық. «Каспий банктың» қожайыны қазақ болса, «Каспий» де болмас еді. Мен жаңалық ашып тұрғаным жоқ, бұл баршаға белгілі нәрсе» деді кәсіпкер.

Сұхбаттың қазақшасы «Dat» газетінен алынды