Қазақ қанжармен неге ет турамаған?
Қанжар – ұшы өткір, қысқа сапты қару. Оны болаттан соғып жасайды. Сондықтан өткір әрі мықты болады. Қанжар пышаққа қарағанда қалың.
Қазақ қанжармен ешқашан ет, нан сияқты тағамдарды кесіп, турамаған. Егер дастархан басында біреудің осындай әрекетін байқаса, оны әлдекімге немесе бүкіл елге сес көрсетіп, тіс қайрап жүр деп түсінген. Сондықтан қазақ халқында дастархан басында қанжарды көрсету әбестік саналған.
Егер білмей істесе, айыпты адам дүйім жұрттың алдында кешірім сұрап, айыбын сыйлықпен өтеген. Қанжардың міндетті түрде қыны болады. Оны қынсыз ұстаған жігіттің берекесі қашып, жақын досынан не сүйіктісінен айырылады деген сенім қалыптасқан. “Қанжарын қынсыз ұстап жүр екен, қанжарының қынын жоғалтыпты” деген сөздер осыдан қалса керек.
VI-XII ғасырларда Қашқар, Баласағұн, Шаш, Отырар сияқты қалаларда қанжар көп жасалған. Қазір олардың кейбірі өзге елдердің музейінде тұр. Қарудың бұл түрін басқа халықтардан да кездестіруге болады.
Қазақ хандығы тұсында жауынгерлер қанжарды қару ретінде пайдаланды. Өткір әрі мықты болғандықтан кез келген жауынгердің белінде не қонышында міндетті түрде қанжар жүрген. Қанжарды тапсырыспен арнайы жасатқан. Сондықтан оның түрі мен пішіні, сапасы әртүрлі болады.
Дереккөз: Baribar.kz