Қазақ ешқашан Ресейге өз еркімен қосылған емес – Бүркітбай Аяған

0
Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін елден қашқандардың саны артты. ІІМ-нің 4 қазанда жариялаған мәліметі бойынша 21 қыркүйектен бері елге 200 мың ресейлік келіп, оның 147 мыңы Қазақстаннан шығып кеткен.

Ал 70 мыңға жуық ресейлік Қазақстаннан жеке салық нөмірін (ЖСН) алып, 68 адам Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріпті. Жалпы, орыс халқының Қазақстанға үдере көшуі бірінші рет емес. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған айтып берді.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 
– Ресей қазақ жерінің біраз бөлігін колонизация арқылы тартып алса да, ақыр соңында Қазақстан Ресей құрамындағы ел саналды…

– Мынандай маңызды мәселе бар. Қазақ ешқашан Ресейге өз еркімен қосылған емес. Бұл – бос сөз. Жалпы, мұсылман, шығыс халықтары ХVІІ-ХVІІІ ғасырда үлкен дағдарысты бастан кешірді. Ресей империясы осыны пайдаланып, сулы, нулы жерлерді тартып алып отырған. Әсіресе, 1901-1910 жылдары Жетісу мен Оңтүстік өңіріне қаптап келген. Бір сөзбен айтқанда, жерімізді аннексиялап, басып алды.

Қазақ ешқашан орыстарға бодан болған емес. Кейін жер де, мемлекет те солардыкі сияқты, қазақ халқын бодандықтан шығарғандай етіп жасады, көрсетті. Тарихқа да солай жазуға тырысты.
Олар қарап жүрмей, қазаққа санақ жүргізді. Ақын Дулат Бабатайұлының «Балаңды алар солдатқа, халқыңды алар санаққа…» деген өлең жолы бар. Осы жағдайды Абай, Құрманғазы, Махамбет, Кенесары, Сырым Датұлы көрді. Кенесары Қасымовтың көтеріліске шыққанда жазған хатында «Келісім бойынша біздің ата-бабамыздың жері біздікі еді. Сендер неге қазақтың шұрайлы жерлерін, Есіл, Нұра, Тобыл бойын тартып аласыңдар?» деген жолдар бар.
1916 жылы Амангелді Имановтың көтерілісі неден шықты? Ол Қостанай өңіріндегі қазақтардың жерін тартып алған орыстарға қарсылық көрсетті. Алматы облысы Қаскелең жақта Бекболат Әшекеев те көтерілісте қол бастады.

1916 жылы 7-8 шілдеде Бекболат Алматының батысындағы Үшқоңырда Жайылмас және онымен көршілес болыстар тұрғындарының басын қосып, Ресей патшасының маусым жарлығын талқылайды. Бекболат ұста дүкендерін ашқызып, қару-жарақ жасатты, жігіттерді соғыс өнеріне үйретті, Үшқоңырға келетін жолдарға тосқауылдар қойылып, жазалаушы отрядтар өте алмайтын берік қамал жасалды.

1916 жылы 7 қыркүйекте Ресей армиясының Верный қалалық әскери гарнизонының соты Бекболатты дарға асуға үкім шығарды.

1917 жылы орыс революциясы басталған кезде орыстар тағы бізге қарай тым-тырақай қашты. Қазір келіп жатқан ресейліктерге қарап тарихтағы сол уақыт көз алдыма елестейді. Ол кезде шекара жоқ, ешкім қадағаламады.

– Негізінен ресейліктер Қазақстанға қай жылдары көп келді?

– Екінші легі – 1917-1920 жылдар аштық болғанда келді. Сол жылдары Ресейде коллективтендіру саясаты жүргізілгендей болды. Сөйтіп, көптеген шаруалар, оның ішінде орыстар ғана емес, орыстанып кеткен украин, белорусь, поляктарды Қазақстанға қарай жөңкітті.

Келесі легі – 1941-1945 жылдары соғыс кезінде ағылды. Ресей көп зауыт, фабрикаларды Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға салып, біраз халқын тұрақты түрде қалдырды.

Төртінші легі – 1954-1957 жылдары 3 млн тың игеруші келді. Оларды көшіру үшін де көп ақша бөлді. Арасында түрмеден босаған қылмыскерлер көп болды. Кейін 3 млн-ның 1,5 млн-ы Қазақстанда қалып қойды.
1959 жылы қазақ өз жерінде отырып азайып кетіп, 26 пайыз ғана болса, 65-70 пайызы – орыстар еді. Тек 1980 жылдары бала туу көрсеткіші азайып, орыстар мен басқа ұлттар еліне кете бастады. Себебі, жер өздерінікі емес екенін біледі.

1990-1993 жылдары елімізден 3 млн-ға жуық орыс, неміс, еуропа халықтары еліне оралып, қазақ ұлтының саны көбейе бастады. Ал мына келіп жатқан ресейліктер көші – бесінші лек.