Қазанда қайнаған бала денесі…
— Менің туған ағам Жасұзақтың ашаршылық жылдарында басынан кешкен оқиғаларын айтпастан бұрын біздің ата-бабаларымыздың қоныс тепкен мекені қандай жағдайларға байланысты «Көктерек» деп аталғанын айта кетейін, – деп Мейрамкүл әңгімені әріден бастады. — Әкем Махамади 1902 жылы дүниеге келіпті. Ал оның әкесі, менің атам Исадық 1860 жылы жарық дүниенің есігін ашып, 1962 жылы 102 жасында дүниеден озды. Жас кезінде ауыл молдасынан азды-көпті білім алған атам көзі ашық, көкірегі ояу азамат болды, табиғатты жанындай жақсы көретін. ХІХ ғасырдың соңында Исадық атам ел-жұртты жинап алып, өзі бас болып бұрыннан орныққан ата-мекенімізге жаппай терек ағаштарын ектірген екен. Табиғатты ерекше аялайтын сол кездегі жас жігіттің «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген берік ұстанымы болса керек. Күні бүгінге дейін жергілікті тұрғындар Исадық атаның еккен көк теректері жайында әңгіме қозғап отырады. Сол дәуірден бастап біздің ата-қонысымыз «Көктерек» деп атала бастапты. Қазақ халқы түрлі оқиғаларға байланысты өздері тұрған мекендерге ат қоюға шебер болған ғой. Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін елді-мекендеріміздің бұрынғы тарихи атауларының қалпына келтірілуі – қуанышты жәй. Кейінірек ауылдың атымен «Көктерек» ауданы деген атауға ие болып, орталығы Бірлік ауылы болды.
Отызыншы жылдары қазақ елін аштық жайлай бастаған кезде Жасұзақ ағам 13-14 жаста екен. 1930 жылы Кеңес үкіметінің уәкілдері жергілікті әпербақан шолақ белсенділермен бірге бай демей, кедей демей шетінен халықтың соңғы лағына дейін зорлықпен тартып алып, колхозға біріктіре бастапты. Сол кезде мынадай бір шумақ өлеңнің елдің арасына тарап кеткенін ағам айтып отыратын:
Сталин көсем, қайдасың?
Белсенді салды найзасын.
Соңғы лақты тартып ап,
Асырды-ау нәлет айласын!
Бала кезінен еті тірі, пысықтау келген Жасұзақты 14 жасында жаңа құрылған «Көлтабан» колхозына есепші етіп сайлайды. Малдың бәрі колхозға алынып, ауыл тұрғындарының қолында тігерге тұяқ қалмай жағдайы күннен күнге нашарлай береді. 1931-1932 жылдың қысында ауылда қалған адамдар аштыққа ұшырап өле бастаған, көбі тамақ іздеп жан-жаққа қаңғып кеткен. Көптеген жас балалар әке-шешеден айырылып, жетім қалады. Бір үзім нан тауып жей алмай, ауылдың шетінде, бұталардың түбінде ісіп-кеуіп өліп жатқан балаларды жерлеуге де ешкімнің шамасы келмепті. Сол кезде өкіметтің тапсырмасымен ауыл-ауылдардағы жетім балаларды жинап, балалар үйіне (детдом) өткізу үшін арнайы жасақ құрылған екен. Бір күні Әулие-Атадан келген комиссияға ауылдағы панасыз қалған балаларға жол бастап бару үшін ауылдың жағдайын жақсы білетін Жасұзақты қосып береді. Аштықтан бұралып, естерінен танып жатқан адамдардың үйлеріне комиссия мүшелерін алып барады.
Сонау нәубет жылдары шағын ғана біздің ауылда да адамның төбе шашы тік тұратын небір сұмдық оқиғалар болған, содан адамның тұла бойы түршігетін қайғылы оқиғаларды көрген ағамның жан-дүниесі қатты күйзеледі.
Сонымен, орталықтан келген комиссияны Жасұзақ бір үйге кіргізеді. Өкінішке орай, ағамның айтқан әңгімесінен әлгі барған үй иесінің аты-жөні есімде қалмапты. Өкімет адамдары үйге кіргенде орта жастағы ер адам мен басына орамалын қымтап тартқан әйелдің отырғанын көреді. Олардың бірнеше күннен бері нәр татпағаны бозарған түрлерінен көрініп тұрды. Үйдің түпкі бұрышында біреуі 5 жас, екіншісі 7 жасар шамасында болуы керек, уәкілдер табалдырықтан аттай бергенде-ақ «не әкелдіңдер» дегендей, үңірейген көздерімен жалынғандай болып, әлсіреп жатқан балалар жәутеңдеп қарай берген. Сол кезде Жасұзақ ағам аштықтан әбден әлсіреген жас балаларды көріп қатты аяп кетіп, бір сәт есін жия алмай состиып тұрып қалады.
Комиссия бастығы үй иесіне барлық мән-жайды түсіндіріп:
— Қазір елімізде жағдай қиын болып тұр, балаларды аштықтан құтқарып қалу үшін Үкіметтің тапсырмасымен жетім қалған балаларды, сонымен қатар асырауға шамасы келмей аштыққа ұрынған отбасылардың балаларын да детдомға (балалар үйі) орналастыруға жинап жатырмыз. Сіздердің қазіргі жағдайларыңызды көріп тұрмыз. Сондықтан, мына екі баланы алып кетіп, Шу ауданының орталығы Новотроицкі селосындағы балалар үйіне орналастырамыз, – дейді. Бұған әке-шешесі көнбейді… Сол күні уәкілдер басқа үйлерді аралап жетім қалған балаларды тізімге алып, 10 шақты баланы алып кетеді.
Үш-төрт күн өткеннен кейін Ауыл кеңесінің төрағасымен бірге Жасұзақ ағам балаларын детдомға бермей қойған әлгі үйге қайта барады. Мұндай да сұмдық болады екен-ау! Қақпағы ашық қазанда бала денесінің қайнап жатқанын көріп, ағам есінен танып қала жаздайды. Үйге кіріп барғанда үй иелерінің амандасуға шамасы келмей көздері айналып, жақтары суалып ыңырсыған қалпында орындарынан тұра алмай жата берген. Төраға мен Жасұзақ тұрған орындарында қаққан қазықтай болып, сілейіп тұрып қалады. Сәл уақыттан кейін естерін жиып, не істерін білмей үйден қалай атып шыққанын өздері де байқамайды.
Бір күннен соң көршісі олардың үйінен шыға алмай өліп қалғаны туралы Ауылдық кеңеске хабарлайды. Аштықтан опат болған жандардың бетін топырақпен жабуға екі-үш адам барған кезде ерлі-зайыптылар жатқан жерінде қатып қалған, бұрышта бір баласы өліп жатыр, қазанда қайнаған баланың денесі сол қалпында қалыпты. Бейшаралардың жеуге де шамасы келмесе керек. Әбден ашығып, көздері қанталаған адамдар ақыл-есінен айырылады деген рас екен.
Ауылдағы өлген адамдарды жерлейтін топтың құрамында Жасұзақ ағам да болыпты. Олар екі-үш күнде үйлерді, ауылдың көшелерін аралап мәйіттерді жинап, ауылдың шетіндегі шұңқырларға апарып көме берген. Қаза болғандардың жаназасын шығарып, мұсылман салтымен жерлеуге кімнің әлі жетсін.
«Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабынан (жинақтаушы-құрастырушы: Т.С.Байқұлов)