«Қатты соққы алған»: Бурабайдағы лагерьде қайтыс болған оқушының анасы жанайқайын айтты
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының тұрғыны Рахия Құлынғарина Бурабайға лагерьге кеткен ұлынан қаралы хабар алып, қайғы жамылып отыр. Туыстары ұлдарының өліміне қатысты тергеуді президенттің бақылауға алуын сұрайды. Өйткені, анасының айтуынша, лагерьге кеткен ұлының дені сау болған, медициналық тексерістен өткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бурабайдағы лагерьде демалып жатқан 9-сынып оқушысының анасы баласының өліміне біреулердің қатысы бар деп күдіктенетінін айтады. «Ұлымды 8 қаңтар күні Хромтаудан пойызға мінгіздім. Бурабайға жақсы жетті. Өзі жуас бала. «Ол жақта төбелесетіндер болмай ма?» деп сұрағанда «тек дарынды балалар ғана болады» деп сендірген едім. Кешкілік балам «Мама, есік жабылмайды, бөлмеде жалғызбын, қорқамын», деп хабарласты. Ақтөбеден балаларды апарған тәрбиешілер ол жақпен байланысқа шығатын мүмкіндік жасамады. Ешқандай тәрбиешінің телефонын білмейміз. Сәлден соң балам «мама мені шақырып жатыр» деп жүгіріп кетіп қалды. Бар білетінім сол. Өз қолыммен жіберіп, бармағымды тістеп қалып отырмын», — дейді марқұм болған жасөспірімнің анасы Рахия Құлынғарина.
Көпбалалы ана ұлының жетістіктері көп екенін айтады. Бос уақытында музыкамен айналысқан. «Сол жаққа жеткен бойда тағы медициналық тексеруден өткізген. Баламның денсаулығында кінәрат жоқ. Барлық талдамадан өттік. Көргендердің айтуынша, балам керуетінде екі бүктетіліп жатқан. Қатты соққы алған. Сондықтан бұл жағдайды президенттің бақылауға алуын сұраймын», — дейді анасы. Қайғы жамылған отбасы «қатерлі ісікпен ауырған» деген анықтамаға сенбейді. «Інім лагерьге барар кезде медициналық тексеруден өтті. Барлық талдамаларды тапсырды. Қатерлі ісік белгілері анықталған жоқ. Бұған дейін де денсаулығына шағым айтып көрмеген. Сот сараптамасына кірген жездесі баланың арқасы мен иығында көгерген жерлер бар екенін байқаған. Қуығы жарылған. Бірақ ол туралы айтылмады», — дейді марқұмның апайы Мөлдір Маннап.
Ал Ақмола облыстық полиция департаменті Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орталығында болған жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлайды. Құзырлы органның ресми пікірі бойынша алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылмаған. «10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні кәмелетке толмаған бала іш ауыруына шағымданған, ал таңертеңгі сағат 05.00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған.
Алғашқы тексеру кезінде жасөспірімнің зорлық-зомбылықтан қайтыс болуының сыртқы белгілері табылған жоқ. Жасөспірімнің қайтыс болу фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, тиісті сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлайды Ақмола облысы ПД-нің баспасөз қызметі. Ресми органдар жасөспірім өлімінің себебін ағзадағы гемоглобин мөлшерінің төмендігімен байланыстырады. Хабарламада сондай-ақ, тамыр қабырғасының желінуімен кіші жамбастың қатерлі ісігі екені айтылған. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда.
Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Бурабайдағы балалар лагерінде 14 жастағы жасөсіпірім көз жұмғанын хабарлағанбыз. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барған. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылған.
Авторы: Ардақ Ерубаева