Қасымхан Алдабергеновтің ғибратты ғұмыры
Жыраулардың жалғасы
– Мені жыраулық өнерге ауыздандырған «Алпамыс», «Көрғұлы» сияқты дастандарды жатқа айтатын ел ішіндегі құймақұлақ жыршы, ақындар. Солардың дауысы, мақамы құлағыма құйылып қалған. Бала кезімнен-ақ ән айтуға ерекше құмар болдым. Әлі есімде, біздің ауылға ол кезде термеші, жыраулар жиі келіп тұратын. Ән мен жыр төгілген осындай бір думанды басқосуларда әйгілі Халық, Жәкібай сынды жыраулармен кездесіп, мақамды жырларын тыңдау бақытына ие болдым. Ал жыршылар шаршаған кезде ауылдың әу дейтін талантты жастары шығып, өнерлерін ортаға салатын. Солардың қатарынан біз де ара-тұра көрініп қалып жүрдік.
Бір күні ауылға көшелі торы ат жеккен тарантас арбамен шаруашылықтағы комсомол комитетінің хатшысы Игілік Абзуллин деген азамат келді. Келе сала бірден: «Бала, жинал, сені алып кетемін. Сол үшін арнайы келдім. Ауданға барып ән айтасың» деді. Салған бетте не дерімді білмей қалдым. Бірақ сонда әкем Алдаберген мен анам Шәмшияның «Баламыз аудан халқы алдында өнер көрсетеді» деп ерекше қуанғандары есімде қалыпты.
Сөйтіп, бала Қасымхан 1938 жылы Жітіқара ауданының «Артем» деп аталатын сахнасында тұңғыш рет ел алдына шығып өнер көрсетеді. Көпшіліктің қошеметі анықтаған ең үздік үш өнерпаздың қатарына енген жеткіншек осылайша облыс орталығына жолдама алады.
– Қазір Қостанайдың әл-Фараби мен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысқан жерінде қызыл кірпішті үй тұр. Бүгінде суретшілер мектебі. Ол кезде орта мектеп болатын. Осы оқу ордасында оқушылардың облыстық слеті өткізілді. Сонда ән айттым. Патефоннан үйреніп алған Кененнің «Бозторғайы» мен халық әні «Қалқаны» шырқадым. Бұл – менің облыс көрермені алдына, жалпы үлкен сахнаға бірінші рет шығуым болатын, – дейді ақсақал.
…От кешіп, майдан даласынан келген Қасымханның жыраулық пен айтыскерлік өнерінен бөлек, қара өлеңді төгілте жырлаған ақындығы мен қаламы жүйрік журналистігі де ел арасында жақсы таныс. Жітіқара ауданындағы Шевченко орта мектебінде мұғалім қызметінде жүріп көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, домбыра оркестрін құруы – Қасымхан Алдабергеновтің ғибратты ғұмыр өнегесінің бір парасы ғана.
Жалпы, Қасымхан Алдабергенов дегенде айтыс деген ұлы өнеріміздің қалыс қалуы әсте мүмкін емес. Жыраулық өнердің уызын қанып ішкен ақсақал талай айтыста аламанға түсіп, дүбірлі өнер бәйгелерінде топ жарды. Сондай айтулы жыр додасының бірі – 1959 жылы Қостанай өңірінде екінші рет өткізілген облыстық ақындар айтысы.
– Бұл менің айтыстағы алғашқы жеңісім десе де болады. 1959 жылы облыстық деңгейде өткізілген айтысқа ақын, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ленин орденді халық ақыны Омар Шипин қатысты. Басында түлкі бөрік, мәсіні галошпен киіп, қолына кішкентай қара сөмке ұстап жүретін аққұба кісі болатын. Нұрхан Ахметбеков, Өтей Қалиев сынды ақындармен де осы жолы танысып, дүлдүлдердің тамаша өнеріне тәнті болдым. Шашасына шаң жұқтырмас қос жүйрік сол жолы І орынды теңдей бөлісті. Мен жүлдеге іліккен жоқпын. Екі жылдан кейін, 1961 жылы үшінші облыстық айтыс өткізілді. Осы айтыста Өтей Қалиев бас ақын болды. Мен бірінші орынды жеңіп алдым. Бұл жеңістің менің өмірімнен алар орны үлкен.
«Егеменнің» шарапаты
Айтулы жүлденің ақын өміріне елеулі өзгеріс ала келгені және рас. Жеңіс тұғырынан көрінген талантты жігіттің өнері жайлы аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдар жарыса жазып, сүйіншіледі. Аудандық «Житикаринский рабочий», қазақ және орыс тіліндегі облыстық газеттер жазды. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі біздің «Егемен Қазақстан» газеті суретімен басты. 1961 жылдың 6 маусымында: «Қостанайда өткен облыстық айтыста ауыл мұғалімі Қасымхан Алдабергенов үздік деп танылып, бірінші орынды жеңіп алды» деген ТАСС хабары сонау Мәскеуден шығатын одақтық «Правда» газетінде жарқ ете қалды. Сол күні таңертең радиодан тікелей хабар таратылып, аядай ғана ауыл мұғалімінің атағы айдай әлемге бір-ақ шықты. Соның ішінде, әсіресе ғасыр тарихы бар баба басылым – «Егемен Қазақстан» газетінің көнекөз қарияның өнегелі өмір өткелдерін өрнектеген тағылымды сәттері жетерлік.
– Мен ол кезде Орал педагогикалық институтының студенті болатынмын. Айтыс деп алып ұшып жүргенде оқу жайы қайбір қаперге келе қойсын. Тіпті сессияға баруға мұршам болмады. Сондай күндердің бірінде үйге оқудан шығарылғандығым жайында бір парақ қағаз келіпті. Хатты оқи сала дереу Оралдағы оқу орныма асықтым. Араша сұрап бірден институт проректоры Сәрсен Сармурзинге кірдім. Кабинетке кірген бетте проректор үстелінің үстінде жатқан өзім туралы жазылған «Социалистік Қазақстан» газетіне көзім түсті. Онымды проректор да байқады: – Бала, сені оқудан бекер шығармаған екенбіз. Бүгіннен бастап математик болуды қой. Сені оған қайта қабылдағаннан гөрі, басқа факультетке түсіру әлдеқайда оңай. Өзің тәп-тәуір ақын екенсің ғой. Демек, өнерге, сөзге жақынсың. Жаныңды қинап неге математика факультетінде жүрсің? Сен одан да қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түс. Ең дұрыс шешім сол болады. Менің саған көрсеткен ағалық қамқорлығым осы болсын, қазір оқытушыларға емтихан ал деп тапсырамын, – деп кесіп айтты. Міне, сөйтіп математика факультетінің студенті қас-қағым сәтте тіл маманы болып шыға келдім. Бұл да болса менің алғашқы жеңісімнің, соны жаһанға жария етіп, күллі жұрттан сүйінші сұраған «Социалистік Қазақстан» газетінің арқасы, шарапаты деп білемін, – деп ақсақал ғасырлық тарихы бар ел газеті – «Егемен Қазақстанның» өз өмірінен алған елеулі орны мен басылымның сол кездегі бозбала жігіт тағдырына тигізген шарапаты жайлы жып-жылы естелігімен бөлісті.
Сексен жылдан аса өмірін қасиетті өнер жолына бағыштаған ақсақалдың өнегемен өрілген ғибратты ғұмыры тереңдігімен, мазмұнды мәнімен тағылымды. Өткен күн өнегесін парақтап, тарих тарамдарына көз жүгіртер болсақ, 1959 мен 1979 жылдар аралығында Қостанайда алты рет облыстық ақындар айтысы өткізілген екен. Соның төртеуінде Қасымхан Алдабергенов топ жарып, жеңімпаз тұғырына көтеріліпті. Бұдан бөлек, Темірше Сарыбаевтың бастамасымен Қазақ телевизиясының алтын қорына жазылып алынған Абайдың «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын оқыған әуезді үні де Қасымхан Алдабергеновтің ұлттық өнеріміз бен төл әдебиетімізді келешек ұрпақ санасына сіңіру жолында үздіксіз істеп келе жатқан тағылымды жұмыстарының жемісі.
– Қазақтың халық әндерін, жыршылықты, термешілікті, қобызды, яғни бағзыдан келе жатқан төл өнерімізді тірілтуіміз керек. Бүгінде оны білетіндер азайып бара жатыр. Қазіргі ұрпақ еуропалық салдыр-гүлдір музыкаға әуес. Жастардың бойына, санасына өзіміздің табиғи ұлттық өнерімізді сіңіруіміз қажет» – деп сөзін түйіндеді ақсақал.
Иә, сегіз қырлы, бір сырлы «Егеменнің» құрдасы Қасымхан Алдабергеновтің сексен жыл бойы өнер әлемін өрнектеген өрелі сөз саптасы мен толағай талантының тағылымы һәм ғибратты ғұмыры келер ұрпақ үшін өмірлік өнеге.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Дереккөз: http://egemen.kz/