Қасиетті құдық қайта іске қосылды
Құдық ХІХ ғасырдың бастапқы ширегіне дейін жұмыс істеген. Түркияның «Вакф Иншаат» фирмасының кесенеге 1992-1999 жылдар аралығында жүргізген реставрациялық жұмыстарына байланысты құдық суы мүлде жабылған болатын. Енді міне, араға жылдар салып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ортағасырлық тарихи құдық іске қосылды.
Қорық-музей директоры Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, биылғы қазан айында Түркістан қаласына ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, ортағасырлық құдықты халық игілігіне жаратып, іске қосу туралы тапсырма берген. Осыған орай, тазарту жұмыстары жүргізілген. Құдық суының құрамы барлық тиісті сараптамалардан өтіп, тиісті құжаттар дайындалыпты. Бүгінде кесенеге зияратқа келушілер құдық суынан шөл қандыруда.
Тарихи дереккөздерде құрылыс кезінде су алу үшін қазылған, кейіннен дін иелері құдықтан тартылған суды да шипалы деп жариялағаны айтылады. Айналасы дөңгелене кірпіштен қаланған, диаметрі 80 см құдықтан су бұрын 7-8 метр тереңдіктен шықса, қазір жер асты суларының көтерілуіне байланысты 5-6 метр тереңдіктен алынады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/