Қарызы болғандықтан әскерге бармайды: Қазақстанда сарбаздардың несиесін уақытша тоқтату ұсынылды — Қазақстан жаңалықтары
Мәжіліс депутаты Юрий Тимощенко әскерге шақырылғандардың несиесін уақытша тоқтату туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР парламенті мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юрий Тимощенко несиесі бар азаматтар осы себепті әскерге бармай жүргендігін айтты. Бұл туралы ол ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында сөз қозғады.
«Салдарынан сарбаздың несиесі оның жақындарына салмақ болып түседі және сарбаздың психоэмоциялық жай-күйіне ықпал етеді. Сондықтан, әскери қызмет уақытында несие төлемін және өсімін уақытша тоқтатуды ұсынамыз», — деді депутат.
Сөзінше, бүгінгі күні әскердегі сарбаздардың несиесін ата-анасының төлеуіне тура келеді, төленбеген жағдайда банктың өсімі көтеріліп кетеді екен.
«Үкіметке әскери қызмет кезінде несиені уақытша тоқтату туралы ұсыным жібердік. Бизнестің бұл ұсынысты қалай қабылдайтынын білмейміз, бірақ мұндай қадамды жасау қажет», — деді Ю. Тимощенко.
stan.kz