Қарсыластарымыз – «Дүкен ұрылары» мен «Қырғи-қабақ соғыс»
Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша Оскар сыйлығының шорт тізіміне енді. Номинаттар 2019 жылдың 22 қаңтарында жарияланып, 24 қаңтарда Оскар сыйлығын табыстау рәсімі өтеді.
Аталған тізімде «Айка» фильмінен бөлек, Альфонсо Куаронның «Рим», Хирокадзу Карээданың «Дүкен ұрылары», Павл Павликовскийдің «Қырғи-қабақ соғыс» кинотуындылары мен Германиядан ұсынылған Never Look Away, Ливанның «Капернаум», Данияның «Виновен», Колумбияның Birds of Passage фильмдері бар.
«Айка» фильмі Қырғызстаннан Мәскеуге келген қыздың тағдырын баяндайды. Фильм Қазақстан, Ресей, Германия, Польша, Қытай кинокомпанияларының қатысуымен түсірілген. Басты рөлде ойнайтын Самал Еслямова «Айка» фильміндегі еңбегі үшін Канн фестивалінде жүлдегер атанған еді.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook парақшасында қуанышты жаңалықпен бөлісіп, «Достарым, АҚШ-тан жағымды жаңалық келіп жетті. Еліміздің атынан ұсынылған Дворцевойдың «Айка» фильмі «Оскар» сыйлығының шорт-лист тізіміне енді. Фильмнің режиссёрі Сергей Дворцевойды, басты рөлде ойнаған Самал Еслямованы, продюсері Гүлнар Сәрсенованы, осы туындыға еңбек еткен адамдардың бәрін құттықтаймын!» деп жазды.
Динара Тілеубек
Дереккөз: Айқын