Қырғызстанда сыпайы дәрігерлердің жалақысы өсуі мүмкін

0
63

Қырғызстанның вице-премьері Алтынай Өмірбекова сыпайы дәрігерлердің жалақысы 15 пайыз өсуі мүмкін екендігін мәлімдеді. Қазіргі таңда Қырғыз билігі аталған мүмкіндікті қарастырып, барлық жағдай талқылану үстінде екендігін жеткізді.

Вице-премьердің сөзінше, науқас жандардан дөрекі дәрігерлердің атына жазылған шағым тым көбейіп кеткен. Дәл осы қиындықты шешу мақсатында жаңа жүйе енгізілуі мүмкін. Жалақыға қосымша 15 пайыз үстемақыны тек, жыл бойы өзін сыпайы көрсетіп, ешқандай шағым түспеген дәрігерлер ғана иемденетін болады. Алайда, қырғыз вице-министрі Алтынай Өмірбекова бұл жүйеде барлық түскен шағымдардың қаралатындығы болмаса нақты бір тәртіптің бұзылғаны анықталған шағымдар ғана есептелетіні туралы ашып айтқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қазаннан бастап Қырғыз елінде дәрігерлердің еңбегіне төленетін қаражатқа жаңа жүйе енгізілген болатын. Енді жалақының көлемі арнайы балдық көрсеткішпен өлшенетін болады. Мысалы, гипертония науқастарын ең көп қараған дәрігер, сәйкесінше көп қаражат алуына мүмкіндік бар. Бірақ, алғашқы айдан бастап дәрігерлер белгіленген балдық көрсеткішке жету мүмкін емес екендігін айтып, бірнеше рет шеруге шыққан болатын. Алайда, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл жобаның болашақта сәтті енетініне сеніммен қарап отыр. Сонымен қатар, дәл осындай жаңа жүйені қырғыз мектептерінің мұғалімдеріне енгізу де қарастырылуда.

 «The Qazaq Times»