Базарбай Дүйсенбаев: «Қарақалпақ жері – өзбек қолындағы негізгі қайнар көз»

0

«Адырна» ұлттық порталы Қарақалпақстанда болып жатқан соңғы жағдайларға байланысты әдебиеттанушы Базарбай ДҮЙСЕНБАЕВпен тілдесіп, екі халықтың қаншалықты жақын екенін сұрап білді.

«Қарақалпақтардың Ибрагим Юсупов деген ақыны бар. Сол кісі: «Біз Абайды жатқа білген халықпыз»,– дейді. Міне, Абайға деген құрметі қандай?! Демек, олардың қазаққа деген құрметі одан да жоғары болып тұр ғой. Нүкістегі халық институтында өмір бойы қызмет істеген Еркебай Мергенбаев деген қазақтың азаматы болды. Филология ғылымдарының кандидаты, қазақтың көптеген ғалымы оны біледі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі орыс болып отырған кезде бұл кісінің «Сөз өзгерім» деген жүйесі тіл біліміндегі қорғатылмады. Оны таратуға мүмкіндік жасалмады. Мен сол ағамыздың үйінде болдым. Сонда көзіне жас алып, талай әңгіме айтып берген. Айтуынша, Қарақалпақстанда «Қырық қыз», «Қыз кеткен» деген жерлер бар. Ғалым: «Бұндай атаулар қарақалпақтарда жоқ. Бәрі де қазақтың атаулары. Дәл осы дерек арқылы қазақтар мен қалпақтардың қоян-қолтық жақсы араласқандығына көз жеткізе аламыз »,– дейді. Сол уақытта ол өзінің кітабын табыстай отырып, маған мынандай деп қолтаңба беріпті: «Біз жетім қазақтармыз , мұнда да өмір сүруге болатынын ұмытпа,бауырым». 90-шы жылдардың басында сондағы қазақтар қарақалпақ халықтарымен достықта отырып, «Достық туы» деген тұңғыш қазақ газетін шығарды. Соның басында Базарбай Тауасар деген ағаларым жүрді»,– деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Әдебиеттанушы Өзбекстанның қарақалпақ халқына ерекше қысым жасап жатқанын атап өтті.

— Орыстар бізге сес көрсетіп келе жатыр ғой, сол секілді қарақалпақ халқына да өзбектер сес көрсетуде. Алайда бізге Ресейдің істегенінің қасында бұлардікі айналайын ғой… Өзбектерге қызмет жасаған азаматтар, оның ішінде менің әкем де бар, айтқан естелік әңгімелеріне сүйенсек, олар әкімдерді бір жерге қамап қойып, ұратын болған. Қараңызшы, билікті осыншама құлақ кескен құлға айналдырып жіберу деген осы..

— Өзбектер қарақалпақ жерінен не себепті айырылғысы келмейді?

— Біріншіден, олардың жері Өзбекстанның 40%-ын алып жатыр. 3 миллионға жуық халық тұрады. Екіншіден, Түркіменстанға тасымалданып отырған газ осы қарақалпақ жерінен жіберіледі. Қарақалпақ жері – өзбек қолындағы негізгі қайнар көз. Сондықтан да олардың қарақалпақтардан айырылғысы жоқ. Үшіншіден, балық өндірісі де ерекше фактор болып отыр.

— Қазақ пен қарақалпақ арасындағы тағы қандай ұқсастықтарды атай аласыз?

– Қарақалпақ деген халықтың салт-дәстүрі бізге ұқсас. Айырып алатын дәнеңесі де жоқ. Біздегі қоңырат, уақ сынды рулар оларда да бар.
Тахтакөпір деген жерлері біздің Қызылордамен шектеседі. Ол жақтың қазақтары біздікілермен қатты араласады. Қарақалпақ киіз үй әкелсе, Қазалының қазақтары түйе алмастырады. Мен қарақалпақ пен қазақтарды бөле деп атаймын. Бірі Әмударияның көкірек сүтін емсе, екіншісі Сырдарияның көкірек сүтін емген халық.

— Қандай ортақ яки ұқсас жырлар бар?

— «Алпамыс батыр» жырындағы Жиделібайсын деп аталатын жер, негізінен Қарақалпақстандағы Қоңырат деген жер. Ол Төлеген Айбергеновтың дүниеге келген жері. Өткенде таңғалғаным, Қызылордадан көлікпен келе жатып, Жаңақорғанға жақындаған жерде көлігім бұзылды. Айналама қарап, «Гүлбаршын ана» деген мешітті байқап қалдым. Көлігім жөнделгенше жергілікті халықтан сұрастырсам, «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршынның құрметіне аталған екен. Тараз қаласында осы жырдан кандидаттық қорғаған бір ғалым бар екен. Содан сұрап, осындай зират бар екен ғой десем, дұрыс білмейді тіпті. «Әйтеуір жаздық қой» деп қысқа қайырды.

— Былайша айтқанда, Арал теңізінің ар жағы қарақалпақ, бер жағы қазақтар. Негізі бір халық деп атауға бола ма?

– «Теңіз бойын жайлаған екі халық» деуге келеді. Тіпті мына біз айтып жүрген Сүгір жырауы да Қарақалпақстанда өмірге келген. Осылардың бәрінің елден кетуіне өзбектер себепші, қазақтар емес. Мәселен, Төлеген Айбергенов ауылда мұғалім болып жүргенінде оқушыларды ұрды деп айыптап, шағым түсіргендер де — өзбектер. Қарақалпақтар емес. Сол Төлегенге у берген де өзбектер деп анықталып отыр. Қарақалпақстанда лауазымды қызмет атқарған Кәкімбек Салықов бір түнде ескі көлікпен елден қашып кеткен деген деректер де бар. Сөйтсе, өзбектер өлтіруге адамдар жіберген деседі. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының «Қаһар» бөлімінде жазылғандай қазақтарға билігін жүргізіп отырғандар қоқандар деп беріледі. Кенесарының ағасы Есенгелді мен Саржанды да өлтіретін осы қоқандықтар. Сол уақытта қарақалпақтар Хиуаның құрамында болды.

— Абылай ханды да өзбектер у беріп өлтірді деген дерек бар. Бұған не дейсіз?

— Иә. Сырымды да, Мұстафа Шоқайды да өзбектер өлтірген. Дінде біздің өзбектермен байланысымыз жоқ. Олар Әбу Ханифа мәзһабын жоққа шығарады. Тіпті айтуға тыйым салған. Ал біз және қарақалпақтар дәл осы Ханафи мәзһабын ұстанамыз. Тарихта қарақалпақтар қазақтардың құрамынан көрініп отырған. Өзбектердің құрамында бұл халық болды деп айтылмайды. Кез келген қазақ халқының көтерілісінің бір шебінде қарақалпақ жүрген. Абылай ханның қарақалпақ әйелі болған. Одан Уәли туған. Бұл туралы «Қаһар» романында айтылған.

— Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Арман Әубәкір,

«Адырна» ұлттық порталы