Қарағандылық тұрғын соққыға жыққан жедел жәрдем жүргізушісіне министр араша түсті

0

Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, жедел жәрдем жүргізушісі Мақажанов атындағы облыстық аурухананың неврология бөлімшесіне мидың шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы, қабырғаның жабық сынуы, көздің гематомасы диагнозымен емдеуге жатқызылды. Желіде ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан видеосы тарап кетті.
Оқыс оқиға Қарағанды қаласында орын алған. Жарияланған видеодан ер адамның жедел жәрдем жүргізушісіне дауыс көтеріп сөйлеп жатқанын көруге болады. Қала тұрғыны жүргізушіге көлікті дұрыс қоймағаны үшін шүйліккен. Ашуға булыққан ер адам жедел жәрдем қызметкеріне соққы жаудырған. Қарағанды облысы полиция департаменті жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақаттарын келтірген азамат анықталғанын хабарлады. Оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мынадай пікір білдірді:

«Өздеріңіз білетіндей, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Адамның өмірі мен денсаулығы олардың жедел әрекет етуіне байланысты. Бірақ азаматтар біздің фельдшерлер мен «103» жүргізушілерінің қандай қиын жағдайда жұмыс істейтінін әрдайым түсіне бермейді. Өкінішке орай, мұндай агрессия жағдайлары, жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасау жиі болады және олар заңмен қатаң түрде кінәлілерді жазалауды талап етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының полиция департаментімен бірлесіп уақытылы әрекет етуінің арқасында шабуылдаушы азаматтың жеке басы анықталды. Менің ойымша, медицина қызметкерлеріне, әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мұндай зорлық-зомбылық әрекеттеріне мүлдем жол берілмейді және құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс. Зардап шеккен жедел жәрдем жүргізушісінің тезірек сауығып кетуін тілеймін және барлық медициналық жұртшылықты осы оқиға бойынша тергеу менің жеке бақылауымда болатынына сендіремін». — деп жазды министр Ажар Ғиният.