Қарағандылық кеншілер рекорд орнатты | КТК

0
Қарағандылық кеншілер рекорд орнатты


«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Саран» шахтасының кеншілері бір жылдық бизнес-жоспарын мерзімінен бұрын орындады.

Шахтёрлер 1 млн 735 мың тонна көмір өндірді. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл нәтиже шахта тарихындағы ең үздік болып табылады. Ұжым алғаш рет жаңа жылды 33 күнге ерте бастап отыр. 31 желтоқсанға дейін кеншілер тағы 100 мың тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр. 

«Жыл өткен сайын біздің көрсеткіштеріміз жақсарып келеді. Шахтаның құрылғылары жаңартылуда. Қазір заманауи жоғары технологиялы кешендермен, Германияда өндірілген SL300 комбайнымен жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті «Саран» шахтасының директоры Денис Дымов. 

«Қара алтынның» көптен күткен соңғы тонналарын шахтёрлер №1 учаскі бастығы Павел Незнамовтың жетекшілігімен өндірді. Бригада жер бетіне дәстүрлі түрде көмір кесегін алып шықты.  Осы оқиға құрметіне шахтада балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін мерекелік шара ұйымдастырылды. Кеншілер балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. 

«Саран» шахтасы 1955 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда ұжымда 1400-ден астам адам қызмет етеді.

Дереккөз: inform.kz