Қарағандыда Covid-ке қарсы ресейлік вакцина өндіретіндер дәрі-дәрмек құны туралы сұрақтан жалтарды
Қарағанды фармацевтикалық кешені басшылығы коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіріп, тасымалдағаны үшін мемлекеттен қанша қаржы алатынын айтпады. 9 ақпан күнгі шара кезінде журналистер олардан вакцинаның өзіндік құнын сұрағанмен сұрақтар жауапсыз қалды.
— Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тіке инвестиция қоры (вакцина өндірісін қаржыландырған кәсіпорын) арасында жасалған үкіметаралық келісім бар. Сонда бағалар көрсетілген. Мәселе бағада емес. [Қазақстан] президенті вакцина тегін болады деді. Сол себепті вакцина егілетін адамдарға оның маңызы жоқ, — деді Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен иегерлерінің бірі, экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның құдасы, елдегі ауқатты адамдардың бірі Қайрат Боранбаев.
«Кәсіпорын бюджеттен қанша ақша алады?» деген сұраққа ҚФК директоры Сергей Барон «қазір Ресей мен Қазақстанда «Спутник V» вакцинасының бағасы бірдей» деп жауап бергенмен ешқандай сан келтірген жоқ. Ол КФК өндірген вакциналарды елдегі бірыңғай дәрі-дәрмек дистрибьюторы — «СК-Фармация» сатып алады, бірақ кешен «шығынға жұмыс істемейді, өз шығынын жауып отырады» деп жауап берді.
Бұдан соң ақпарат құралдары Боранбаев пен Бароннан ресейлік вакцинаның құны жөнінде тағы сұрағанмен олар тағы жауаптан жалтарды.
— Ресей федерациясындағы бағамен бір. Не себепті осы санға алаңдап отырсыздар? — деді Боранбаев.
Кәсіпкер мен КФК директоры вакцинаның құнын денсаулық сақтау министрлігінен сұрау қажеттігін айтты. Боранбаев вакцина өндіру ісін тағы да «әлеуметтік жоба» деп атады. Ол бұған дейін Азаттық тілшісіне «біз бұдан табыс таппаймыз, қаншаға сатып алсақ, соншаға сатамыз, қайта орау шығыны да есептелмеген» деп мәлімдеген.
Сейсенбі күні КФК менеджерлері кәсіпорын вакцинаның 22 мың дозалық алғашқы тәжірибелік партиясын қайтару шығынын да мойнына алды деп айтқанмен шығын көлемін айтпады.
Қаңтар айының соңында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов «Спутник V» қай жерде шығарылмасын, құны бірдей болады деп мәлімдеген. Оның айтуынша, вакцина құны партиясына қарай 20-26 доллар көлемінде ауытқуы мүмкін деген. Соңғы сомасы келісімге қол қойылғаннан кейін және ақырғы коммерциялық ұсыныс таныстырылғаннан кейін жарияланады деп айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын сатып алуға барлығы 16,8 миллион теңге (шамамен 40 млн доллар) бөледі. Вакцинаның бір бөлігі Шорановтың айтуынша, Ресейдің өзінде, бір бөлігі ҚФК-дан сатып алынады. Бірақ министрлік Қарағанды фармацевтикалық кешеніне қанша қаржы бөлінетенін айтпаған.
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа жаппай егіле бастаған «Спутник V» вакцинасы елде ресми тіркелмеген.