Қарағандыда 83 жастағы көршісінің қалтасынан 25 мың теңге ұрлаған әйел ұятқа қалды

0

Қарағандыда учаскелік полиция инспекторы көршісінің 25 мың теңгесін ұрлап кеткен азаматшаны анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

17 наурыз күні Полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 83 жастағы азаматшадан арыз түскен. Зардап шегуші белгісіз біреудің қалтасында тұрған 25 мың теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтқан.

Мән-жайды анықтау барысында таңертең оның пәтеріне бейтаныс адамның келгені, есікті ашқан зейнеткерге қарттар арасында сауалнама жүргізіп жатқанын айтқаны белгілі болды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін қария өзінің 25 мың теңгесінің жоғалғанын байқаған.

Күдіктінің жеке басын анықтау және ұстау шараларымен учаскелік полиция инспекторы айналысқан. Полиция қызметкері жәбірленушіден бейтаныс адам туралы мәліметтер алып, жұмыс жүргізу кезінде күдікке оның көршісі ілінген. Зардап шегуші онымен бірнеше жыл көрші тұрса да, ешқашан сөйлеспеген болып шықты.