Қарағандыда 1-сынып оқушысы мектептің үшінші қабатынан құлап кеткен

0

Оның өмірін үйіліп жатқан қар сақтап қалған.

Кеше күндіз Қарағандының «Көгілдір Тоғандар» ықшам ауданындағы №77 мектепте оқыс оқиға орын алды. Мектептің 3-қабатындағы терезеден бірінші сыныпта оқитын қыз бала абайсызда құлап кеткен. Абырой болғанда бүлдіршін дін аман, деп хабарлайды Baq.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқушы қыз қарға құлаған. Оның өмірін үйіліп қалған қар сақтап қалған. Бүлдіршін ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрмағандығын айтады. Қазіргі уақытта төтенше оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.

«Қыз бала алдымен Х.Мақажанов атындағы ортопедия және травматология орталығына жеткізілді. Ол биіктіктен құлаған. Оны нейрохирург пен травматолог мамандары тексерді. Баланың ішкі ағзасына зақым келмеген. Осыдан кейін бала мен оның анасы Облыстық клиникалық балалар ауруханасына ауыстырылды. Баланың денсаулығына қажетті көмектің барлығы көрсетілуде», — дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Оқыс оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мектеп басшылығы тексеріп жатыр.

«Сабақтан кейін мұғалім оқушылардың барлығын класстан шығарып, есікті жапқан. Оқушылардың біреуі ұмыт қалған затына қайтып келген болуы керек. Алайда ол есіктен қайыра шыға алмаған. Бізде бірінші сынып оқушылары сабақты бірінші қабатта оқиды. Сондықтанда, есіктен шыға алмаған бала, терезеден шықпақшы болуы мүмкін», — дейді мектеп директорының орынбасары Рымжан Әділжанова.

Соңғы мәліметтер бойынша, оқушы қыздың мұғалімі оқиға орын алғаннан кейін ауруханаға түскен. Бастауыш сынып мұғалімінің қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырған.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/