Қарағанды облысында синтетикалық есірткімен кім және қалай күресіп жүр?

0

Қарағанды және Теміртау қаласында көпқабатты үйлердің сыртындағы пульверизатор және трафереттің көмегімен жазылған жарнамаларды кез келген адам елей бермеуі мүмкін. «Көп адам олардың мәнін түсіне бермейді» дейді жергілікті тұрғындар. Ал оның мағынасын білетіндер (ондай адамдар өте аз) жазуларды өшіріп тастауға тырысады.

— Иә, мұндай хабарландырулар шағын ауданның барлық жерінде бар, бірнеше күн бұрын жоқ болатын, — дейді Теміртау тұрғыны Сергей.

Теміртау қаласындағы ғимараттардың бірінде пайда болған есірткі жарнамасы

Теміртау қаласындағы ғимараттардың бірінде пайда болған есірткі жарнамасы

Сарапшылардың айтуынша, синтетикалық немесе дизайнерлік деп те аталатын есірткі түрі Қарағанды облысында салыстырмалы түрде жуырда пайда болған. Бірақ оның тез тарағаны соншалықты кез келген жасөспірім оны оңай сатып ала алады.

Есірткі «саудасының үлгісі» басқа өңірдегі тарату әдістеріне ұқсас. «Алып-сату» процесінде саудагер де, клиент те бір-бірін көрмейді. Интернет арқылы тапсырыс беріледі, «тауарды» белгілі бір орыннан алып кетеді. Әдетте «тауар» адамдар жазбай танитын орындарға жасырылады. Бұл подъез маңы, қоқыс жәшіктері, үйдің айналасы болуы мүмкін. Есірткі оралған қорап не түйіншекті жерге көміп қояды немесе ағаш діңіндегі саңылауларға тығады. «Клиенттер» есірткі орнын дәл табуы үшін «саудагерлер» сол жердің суретін де жібереді.

Үйлердің сыртындағы хабарландыруларда көрсетілген «тапсырыс беретін» сайттар да «кәсіби түрде» жұмыс істейді. Онда қала және доза түрлерін таңдау мүмкіндіктері қарастырылған, сатып алушылардың пікірлері де бар, сұрақ қоюға да болады. Сайт иелері тауарды сатып алудың түрлі тәсілдерін ұсынады: онлайн, мобильді қосымша немесе терминал арқылы сатып алу. Бұған қоса, онда жаңа «қызметкерлерді» жұмысқа алып жатқаны туралы ақпарат та бар. «Өткізуші» немесе «граффит-трафаретші» ретінде жастарды «алғашқы миллионын табуға» шақырған.

Теміртау қаласының тұрғындары үйлердің сыртындағы есірткі жарнамасын өшіріп тастаған

Теміртау қаласының тұрғындары үйлердің сыртындағы есірткі жарнамасын өшіріп тастаған

Қала және облыстағы хабарландырулардың санына қарағанда мұндай жарнамалар «өнімді» сияқты. Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ 17 жастағы «курьер» қыздың ұсталғанын хабарлаған. Ақпарат бойынша, күдікті «өзіне берілген қорапта не барын білмеген». Ол бір күннің ішінде Қарағандыдағы 17 орынға «тауар жасырған». Ұстаған кезде полицейлер одан тағы 15 қорап тапқан.

«ПСИХОЗ, АГРЕССИЯ, СУИЦИДКЕ БЕЙІМ БОЛУ»

Ашық дереккөзіндегі ақпаратқа сәйкес, синтетикалық есірткі дәмсіз, иіссіз, түссіз келеді. Бұл оны тарату жолын жеңілдете түседі. Оны ішке тартып, шегуге, ерітінді немесе таблетка күйінде қабылдауға болатыны, есірткінің «табиғи» түрлеріне қарағанда оған адамның тез тәуелді бола бастайтыны да айтылады.

Қарағандыдағы «Үміт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Смаилованың айтуынша, бірлестік есірткі, ВИЧ және туберкулездің алдын алу мәселелерімен бірнеше жыл айналысып, зерттеу жүргізген. Бірлестік жетекшісі жастар және есірткі қолданатын азаматтар арасында анонимді түрде сауалнама жүргізіп, «қорқынышты» нәтиже алғанын айтады.

"Үміт" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Смаилова

«Үміт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Смаилова

Зерттеу қорытындысы Қарағандыда көкнәрден басқа есірткінің «скорость», «соль», «кристал» сияқты синтетикалық түрлері «танымал» екенін көрсеткен. Есірткіні интернет-ресурстар, үй сыртындағы хабарландырулар және төлем терминалдары арқылы кеңінен жарнамалау үрдісі жүріп жатыр. Ал есірткі саудагерін табу өте қиын. Сайтты ашқан азаматтар басқа елде болуы мүмкін, ал таратушылар өте жылдам жұмыс істейді, негізінен көптің көзіне түспейтіндей қараңғы кезде шаруаларын тындырады. Зерттеу сонымен бірге жергілікті тұрғындардың мәселе жайлы өте аз білетінін, әсіресе синтетикалық есірткінің қаупі жайлы білмейтінін көрсеткен.

«Үміт» бірлестігінде СПИД орталығының бұрынғы қызметкерлері де бар. Олардың айтуынша, қазіргі кезде есірткілердің ең қауіптісі — «скорость» болып отыр. Бірнеше ай қолданғаннан кейін адамның ішкі ағзалары мен миы зақымданады.

— Бірнеше рет қолданған соң адам оған қатты тәуелді бола бастайды, ал эйфориядан кейін галлюцинация, психоз, агрессия, үрей пайда болады, көп жағдайда мұның бәрі суицидке апарады. Салдары шизофрения белгілеріне қатты ұқсас, — дейді Гүлмира Смаилова.

Бұл заттардың адам азғасына зиянды әсері тіпті есірткіні ұзақ жыл қолданған азаматтардың өзін таңғалдырады. Қарағанды тұрғыны, «Үміт» бірлестігінің аутрич-қызметкері Светлана Субботина 20 жыл бойы вена арқылы есірткі қабылдап келген. Соңғы екі жылдан бері метадон қолданып келеді. Метадон — есірткіге тәуелділіктен арылудың аралық кезеңінде алмастыру терапиясы ретінде қолданылатын препарат. Светлана Субботина синтетикалық есірткінің адамды шапшаң тәуелді қылу «қуаты» мен оның қауіпті салдары жайлы былай дейді.

Светлана Субботина

Светлана Субботина

— Олар бұл күш қосатын жәй ғана стимулятор деп ойлайды. Бірақ опиат қолданатын адамдарды білем. Олар қазір айлап «скорость»-ты қабылдап жатыр — соның кесірінен мүлде басқа адам болып шықты. Оғаш қылықтар көрсете бастады, не ойлап жүргендерін білмеймін, бірақ енді….Адамның жүйкесі бұзылғаны айдан анық, — дейді Светлана Субботина.

«ШҰҒЫЛ ЖЕЛІ»

Жағдайға алаңдаған «Үміт» бірлестігі 2018 жылы қаңтарда «шұғыл желі» қызметін ұйымдастырған. Олар жергілікті тұрғындарға 8 702 092 41 06 нөміріне хабарласып, «есірткі орындары» жайлы ақпарат беруді немесе күмәнді көрінген жайттарды хабарлауын сұраған. (Мысалы, адамдардың жерге бір нәрсе көмуі немесе балалардың өзін-өзі дұрыс ұстай алмауы т.б).

Бір жыл ішінде ұйымға 20-дан астам қоңырау түскен. Қоғамдық ұйым өкілдері «шұғыл желі» жайлы мектеп, жоғары оқу орындарына барған кезде айтатындарын жеткізеді, ақпарат құралдарына сол жайлы хабарландыру ілу жайлы да сұраған. Олардың айтуынша, жарнама жетіспегенмен қазірдің өзінде сәл «ілгерілеушілік» байқалады: бір жерде «шұғыл желінің» нөмірі айтылса, дәл сол күні адамдар хабарласа бастайды.

— [Тұрғындар] хабарласып, жаңадан жарнамалардың пайда болғанын айтады. Балаларының жүріс-тұрысы өзгергені туралы ата-аналар хабарласады. Олар бұған қатты алаңдайды. Мектептерге хабарласқысы келмейді, ал наркологияға тіпті жолағысы да келмейді. Мұндай жағдайда оларға ата-аналармен және баламен жұмыс істейтін психологты жібереміз. Адамдардың «біртүрлі» қимыл-әрекеттері жайлы хабарламалар да болды: «біреулер аулада жүріп, бір нәрсе көміп кеткен». Мұндай кезде полицияға хабарлаймыз, — дейді Гүлмира Смаилова.

"Үміт" бірлестігінің өкілдері синтетикалық есірткіні жарнамалаған сайттар жайлы айтып жатыр

«Үміт» бірлестігінің өкілдері синтетикалық есірткіні жарнамалаған сайттар жайлы айтып жатыр

«Үміт» қызметкерлері өздерінің жастар белсенділерімен, студенттермен кездесіп, мектептегі ата-аналар, мұғалімдер жиналысына қатысатынын айтады, танымдық үнпарақтар дайындайтынын жеткізеді. Ұйым өкілдері ата-аналарды балаларының жүріс-тұрысына, қимыл-әрекеттеріне назар аударуға кеңес береді, сонымен бірге азаматтарды күмәнді көрінген әрекеттер жайлы хабарлауға шақырады. Пәтер иелері кооперативі жетекшілерінен есірткі саудасы туралы жарнамаларды өшіруді сұрайды. Олардың айтуынша, қалада бірнеше рет осындай жазуларды өшіру бойынша рейд жүрген.

«ТЫЙЫМ САЛЫНБАҒАН» ЕСІРТКІЛЕР

«Үміт» бірлестігі өкілдері жүргізген зерттеу сонымен бірге есірткінің кейбір синтетикалық түрлерінің тыйым салынған препараттар тізімінде жоқ екенін анықтаған. Олардың айтуынша, психобелсенді есірткі заттарын өндірушілер олардың құрылымын өзгертуі мүмкін. Мұндай жағдайда заттың елде тыйым салынғанын дәлелдеу қиын.

Қоғамдық ұйым өкілдерінің пікірінше, онымен тиімді күресу үшін заңнамаға жедел түрде өзгерістер енгізіп, есірткі заттарды анықтау процесін практикаға барынша «икемді» қылу қажет.

Аймақта есірткіге қатысты жағдайдың ушыққанын полиция да растайды. Егер сарапшылар заттың есірткі екенін анықтаса, қылмыстық заңнамада есірткі тарату қылмысы үшін бес жылдан бастап, 20 жылға дейін түрме жазасы немесе өмірлік түрме жазасы қарастырылған.

Ресми дерек бойынша, 2018 жылы Қарағанды облысында синтетикалық есірткіні тарату фактісі бойынша 26 оқиға ашылған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аясында химиялық сараптама жүргізу де жоспарланған.

— Соңғы кезде Еуроодақ, Ресей, Қытайдан курьерлік қызмет көрсететін халықаралық пошта желісі және логистикалық үйымдар арқылы синтетикалық есірткіні тарату үрдісі қатты байқалады. Классикалық есірткіге қарағанда синтетикалық есірткі қауіптірек. Қазіргі кезде бұл ең қауіпті есірткілердің бірі. Бірнеше рет қабылдаған соң-ақ адамдар патологиялық тәуелділікке ұшырайды. Синтетикалық есірткіні қолданудың салдары ауыр: адамның ақыл-есі бұзылып, иммунитеті төмендейді, — дейді Азаттыққа Қарағанды облысындағы есірткі бизнесімен күрес басқармасының өкілі.

Теміртау қаласындағы үйлердің сыртындағы есірткі жарнамасы

Теміртау қаласындағы үйлердің сыртындағы есірткі жарнамасы

Ведомство дерегінше, 2018 жылы Қарағанды облысында заңсыз есірткі айналымына қатысты 479 құқық бұзушылық тіркелген. 94 факті есірткі өткізумен байланысты, ал оның 28-і — синтетикалық есірткіні сату ісіне қатысы бар.

Ресми статистика бойынша, аймақта 2018 жылы 1,8 тонна түрлі есірткі заттар тәркіленген. Оның 0,005 пайызы немесе 92 грамы — синтетикалық есірткі.

Өткен жылы Қарағанды облысының полициясы Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрлігіне синтетикалық есірткіні жарнамалаған он сайтты жабу жөнінде өтініш жіберген. Республика бойынша мұндай жабылған интернет-ресурстар саны мыңнан асады.

Дереккөз: Азаттық