Қарағанды облысында көпбалалы аналарға салынған үйлер өте сапасыз болып шықты
Қарағанды облысының Шашубай кентінде бірнеше отбасы үйлі боламыз деп шаш етектен шығынға батқандарын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үйге үш ай бұрын көшіп келген жұрт, жаңа баспананы өздері жөндеп, кем-кетігін түзеп алған. Енді жөндеуге жұмсалған ақшаны қайтарып беруді талап етіп отыр.
Гүлзада Сұлтанәлиева 5 баласымен бірнеше жыл пәтер жалдап келген. Әйтеуір биыл кезегі келіп, үш бөлмелі жаңа баспанаға ие болады. Алайда, құрылыс сапасын көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды дейді көпбалалы ана. Айтуынша, үйге еден салынбаған. Қабырғалары сыз тартып, көгерген.
Көпбалалы аналардың алды 4 ай бұрын, ал кейінгілері мамырда қоныстанған. Содан бері 6 отбасы да жаңа үйдің кем-кетігін өз күштерімен жөндеп алыпты. Олардың ендігі талабы – жұмсаған ақшаларын қайтарып алу.
«Бұл үйге кеткен шығынды, қалтамыздан шыққан ақшаның бәрін есептеп, алты үй жазып қойдық. Соны әкімге апарып тастайық дегенбіз, әкім орнында болмай шықты», — дейді Шашубай кентінің тұрғыны Марал Ахметова.
Жергілікті әкімдік өкілдері құрылыс барысында кемшіліктің кеткенін мойындап отыр. Дегенмен, үйдің үш жылдық кепілдік мерзімі бар екен. Сол бойынша мердігер жөндеп бермек. Сондай-ақ тұрғындардың шығындары да компания есебінен өндірілетін болады.
Айта кету керек, бұл жалдамалы 6 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Оның әрқайсына қазынадан 7 миллион 400 мың теңге жұмсалыпты.