Қамқоршы қайраткер, парасатты басшы | «Айқын» газеті

0
110

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мәсімхан Бейсебаев 1908 жылдың 22 желтоқсанында Алматы облысы Қаскелең ауданы Елтай ауылында қара шаруаның отбасында дүниеге келді. Ауыл мектебінің 6 класын аяқтап, Алматы ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі (қазір бұл оқу орны – М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі). Техникумды бітірісімен Жер шаруашылығы халық комиссариатына қызметке жіберіледі. 1933 жылдың қараша айында өзі оқыған Талғар ауылшаруашылық техникумына директор болып тағайындалады. 1936 жылы Өлкелік партия комитетінің ауылшаруашылық бөліміне инструктор, 1937 жылы Қазақстан КП ОК бірінші хатшысына көмекші болып бекітіледі. 1939 жылы Алматы облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімін басқарады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен майданға аттанып, Оңтүстік майдандағы 270-дивизияның құрамында политрук қызметінде Харьков, Запорожье өлкелерінде болған майданда ерлік көрсетеді. Сол үшін бірнеше мемлекеттік әскери наградамен марапатталады. Соғыста ауыр жараланып, елге оралады. Қол қусырып қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды.

1942 жылы М.Бейсебаев Алматы облыс­тық еңбекшілер депутаттары кеңесі­нің төрағасы, 1946 жылы Ақмола облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Мәскеудегі СОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірісімен 1952 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріседі. 1954 жылы Қазақстан Минис­трлер кеңесі төрағасының орын­басары, 1956 жылы бірінші орынбасары болып тағайындалады. 1958-1962 жыл­да­ры Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады.
1962 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңе­сі­нің төрағасы болып бекітіледі. Осы қыз­мет­тен 1970 жылы зейнетке шығады. 1987 жылы 79 жасында дүниеден озды. Міне, көрнекті мемлекет қайраткері М.Бей­се­баевтың қысқаша өмір жолы осындай.
Мәскеуден аспирантураны бітіріп, кан­дидаттық жұмысымды қорғап Алматы ха­лық шаруашылығы институтына қыз­мет­ке келсем, Мәсімхан аға Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы екен. Неге екенін қайдам, ол кезде сәлем беріп, танысайын деген ой менде болмады. Мүм­кін жоғары лауазымда жүрген ағайын адам­ға зияным тимесін дегенім болар.
Кейде біз халықтың, елдің ұлылығын айтып жатамыз. Міне, сол ұлылықты жолық­қан сайын, көрген сайын, лебіз­де­сіп сөйлескен сайын Мәсімхан ағамыздың бойы­­нан көріп жүрдім. Халықты ұлы қы­латын осы Мәкең сияқты ұлдары ғой. Қа­зақ­та ұлылар аз болмаған, бірақ сол ұлы­­лар тобының ішінде Мәкеңнің де өзі­не лайықты, сыйлы орны бар екені анық.
Ең алдымен Мәсімхан ағамыздың қайраткерлік қасиетіне тоқталған дұрыс қой деймін. Жалпы үлкен лауазымға ие болып, атқа мінген азаматтардың бәрін қайраткер деуден аулақпын. Солардың ішінде елінің қамын ойлаған, халқына қамқоршы болған, ұлтының болашағына ерен еңбек сіңірген басшылар көп емес.
Қазақстанның экономикасы 1950-60 жылдары қарқындап өскені белгілі. Оның басында аяулы Дінмұхаммед Қонаев тұрғанын да білеміз. Үлкен жос­пар-жобалардың, іргелі істердің идеологы, бастаушысы, дем берушісі болады, ол Димекең болатын. Сонымен қатар оның орындаушысы, іске асырушысы болады, ол Мәкең еді. Егер осы екі жүйе ойдағыдай үйлесіп жатса – онда елдің бағы жанғаны. Осы екі алып тұлға қоян-қолтық бірге қызмет атқарып, талай-талай таңғаларлық тірліктерді тындырғаны тарихи шындық.
Мысалы, Қапшағайды Қонаев сал­дыр­ды, осы қалаға Димекеңнің атын алып берейік деп жүрміз. Ол – орынды. Сонымен бірге, осы дүбірлі істің басы-қасында Мәсімхан ағаның болғаны, оны ойдағыдай атқаруға аянбай араласқаны айқын. Қапшағайдың қала болып қалып­та­суы­на, Қапшағай ГЭС-ін салдыруға үлкен үлес қосты. 1965 жылы Мәскеуге арнайы ба­рып, Одақтың энергетика министр­лі­гі­мен келісіп, ресми ортақ құ­жат­­қа қол қойды­рып, ГЭС-тің ертерек іске қосы­луы­на жағдай жасады. Қаланың құрылыс ұйым­дарын, тұрғын үйлер тұрғы­зу­ды, әлеу­меттік нысандарды, демалыс орын­да­рын ретке келтірді. Арнайы шешім қа­былдап, Қапшағай балық зауытын салдырды.
Ақтау өңіріне арнайы барып, Жаңа Өзен қаласының ірге көтеруіне себепші болды. Мақат – Гурьев – Өзен жергілікті те­мір­жол торабын салу барысында осы іс­тің басы-қасында болып, қосымша ақша бөл­­діріп, уақытылы бітуін бақылап отыр­ды.
Облыстардағы ірі құрылыс нысан­да­рын көзімен көріп, көңіл сүзгісінен өткі­зіп, тиісті көмекті уақытылы көр­се­тіп отырды. Облыс, аудан орталық­тарын­да, барлық қалада тұрмыстық қыз­мет көрсететін комбинаттар, ше­бер­­ха­­налар салына бастады.
Республиканың өнеркәсіп саласын дамыта отырып, Павлодар трактор зауытын, Жамбыл және Шымкент химия кәсіп­орындарын, Екібастұз көмір разре­зін, Маңғыстау мұнай өндірісін және тағы басқа толып жатқан маңызды өндіріс орын­дарын салдыруды іске асырды. Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп нысан­да­рын іске қосуды да ұмытқан жоқ. Оның ішінде бірнеше былғары аяқкиім және тоқыма фабрикалары, тағы басқа көптеген кәсіпорындар бар.
Мәсімхан Бейсебаевтың басшы ретін­де еліміздің ауыл шаруашылығын дамы­ту­ға қосқан үлесі одан да зор. Үлкен қала­лар төңірегінде ет, сүт, көкөніс өндіретін шаруашылықтар құрды. Әсіресе, Алматы облысына осы тұрғыдан сіңірген еңбегі ерекше. Қала маңында көптеген ет-сүт фер­малары, көкөніс совхоздары ұйым­дас­ты­­рылды. Сөйтіп, қала халқын осы өнім­дер­мен қамтамасыз ету әлдеқайда жақ­сар­ды.
Облыстағы Шеңгелді алқабын, оның ішінде Кербұлақ өңірін игеру мәселесінде Мәкеңнің рөлі зор еді. Осында «Сары­тау­құм», «Бозой» совхоздарын ұйымдастыруға мұрындық болды.
М.Бейсебаев мал шаруашылығын дамы­туға ерекше көңіл бөлді. Нарынқол, Кеген аудандарында жылқы жақсы өскен. Шөбі шүйгін, суы мол, тау етегі, жылқы малына өте қолайлы. Бір кездерде жылқы егістік, шабындық жерлерді тұяғымен тап­тап, шаруашылыққа үлкен зиян келті­ре­ді-мыс деген жалған пікір пайда бол­ды. Оны айтатын Н.Хрущевтің жылқы­ны жақ­тырмайтын ойын білетін жағымпаз бас­шысымақтар болатын. Сол кездегі Нарын­қол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұбандықов «зиянды» жылқыларды көбірек өсіргені үшін таяқ жеп, орталық комитеттің бюросында орны­нан алып, партиядан шығару керек деген ұсыныс болғанда, осы шешімге қарсы шығып, хатшыны сақтап қалған М.Бейсебаев еді. Ол кісі: «Сендер неге ойлан­­байсыңдар? Жылқы малы – қазақ­тың баяғыдан келе жатқан байлығы. Ал Кеген, Нарынқол аудандары – жылқыға өте қолайлы, жері жақсы, шөбі-суы мол. Жылқы өз тұяғымен жүріп жайылып өсіп өнеді, жеке күтімді керек етпейді. Бізге бұдан артық не керек? Қайта жылқы басын өсіріп отырған жандарға рахмет айтайық. Оның үстіне аудан астық тапсыру, мал басын көбейту, жалпы шаруа­­шылықтың барлық саласы бойынша мем­лекеттік жоспарды ойдағыдай орын­дап отыр, – деп әлгі хатшыны ауыр жазадан құтқарып, ал жылқы малының ары қарай да өсуіне жағдай жасайды.
Мәсімхан аға облыста түйе шаруа­шы­лы­ғын дамытуға құлшына кірісті. Бір ғана «Сарытауқұм» совхозында түйе санын
2,5 мыңға жеткізді. Облысқа Қарақал­пақ­стан­нан түйе өсіретін тәжірибесі бар қазақтардың жүзден аса отбасын көшіріп әкелді. Сөйтіп, облыста шұбат өндірудің негізін қалаған, шұбатпен қала тұрғын­дарын қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешкен Мәкең болатын.
Ел аралағанда міндетті түрде малшы­лар­дың үйіне барып, жағдайын өз көзімен көріп, жетіспейтін затын Алматыға келе сап, тиісті органдарға тапсырма беріп, керек-жарағын жеткізіп беріп отыратын. Мамандармен ақылдасып, Үкіметтің арнайы қаулысын қабылдап, Үштөбеден киіз үй жасайтын фабрика салдырды. Ол малшыларға арнап жылына 15 мыңға дейін киіз үй құрап шығаратын деңгейге жетті.
Мәсімхан аға – халықтың хал-жағда­йын ойлап, көптеген әлеуметтік нысандар салдырған адам. Қала маңындағы «Алма­ты» шипажайын салдыруға ерекше көңіл бөлді. Ол кезінде өте жайлы әрі жақсы демалу және емделу орны болды, әсіресе ардагерлер мен зейнеткерлер үшін. Олар енді алысқа бармай-ақ үйінің жанында дем алып, емделу мүмкіндігіне ие болды. Сол сияқты Сарыағаш, Алма-арасан, Бурабай, тағы басқа шипажайлар Мәкең­нің бастамасымен бой көтерген.
Қазіргі Достық даңғылы бойында «Жалын» деген мейрамхана бар. Залы дөң­гелек, сондықтан жұрт оны «Кругляш­­ка» деп атап кетті. Кезінде ол диеталық асхана болған. Жетекші қызметкерлер сонда барып, түскі тамақ ішетін. «Бұл Мәкеңнің арқасында салынған асхана» дейтін көз көрген ақсақалдар. – Сендер үкіметтің жұмысын атқарып жүрген жа­уапты адамсыңдар, үйге барып түскі тамақ дайындатуға бәріңнің бірдей мүм­кін­дігің жоқ. Ал уақытылы тамақтану ден­саулықтың кепілі, сонымен қатар сапа­лы қызмет атқаруға жағдай жасайды, − деп айтады екен көптің қамқоршысы Мәсім­хан Бейсебаев.
Қазіргі Республика сарайының салынып бітуіне де белсене араласты. Сол сияқты Мәкеңнің қамқорлығымен көпте­ген ғылыми мекемелердің, жоғары оқу орындарының, мектептердің, орыс және қазақ драма театрларының жаңа ғимарат­тары бой көтерді. Тіпті Кіші Алма­ты өзені бойындағы теренкурды да қарапайым халыққа арнап жасатқан Мәкең дейді білетіндер.
Мұның бәрі – Мәсімхан Бейсебаев ағамыздың қайраткерлік келбетінің толық көрінісі емес, тек кейбір сипаттары ғана. Қайраткерлік тұлғаны толық тану үшін көлемді зерттеу жұмысының қажеттігі айдан анық. Енді ағамыздың парасатты­лық қасиетін ашатын қырларын қысқаша айтып кетейік. Мәсімхан ағамыз – елін, жұртын, қазағын сүйіп өткен азамат. Қазақтың тілін, тарихын, әдебиет-мәде­ние­тін өте терең білетін. Бірақ зейнеткер кезінде кездейсоқ жерлерде, кез келген кісілерге бұл жөнінде көп ашып айта бермейтін. Ресми емес ортада, өзін түсіне­тін адамдар арасында майын тамызып айтқан талай әңгімелерін естідім. Опера және балет театрының, драма театрлары­ның көптеген әртісінің өмірбаянын, атқарып жүрген рөлдерін, айтатын ән репертуарларын өнер қайраткерлерінен кем білмейтін. Оларға өмір бойы қамқор­лық жасап отырыпты. Көрнекті қазақ жазушыларының да еңбектерін саралап, өз пікірін айтып отыратын.
Бірде ақын-жазушы, тарихи шежіре авторларының бірі Қадырқожа Амангел­диев ақсақал екеуінің әңгімелесіп отырға­ны­ның үстінен шыққаным бар. Мәкең Қадырқожа жазған шежіреге өз ой-пікірін айтып, талдау жасап отыр екен. Ең қызы­ғы, қазақ хандарын түгел тізбелеп, олар­дың өмір сүрген мерзімдерін, өздерінен тараған ұрпақтарын анықтап жатты. Ал ол кезде хандар тұрмақ көптеген батыры­мыздың да аты айтылмайтын уақыт болатын. Сөйтіп, Мәсімхан ағамыз қазақ тарихын, ел тарихын тарихшылардың өздерінен кем білмейтін болып шықты.
Мәсімхан ағамыз Алматы, Ақмола, Көкшетау облыстарында басшы қызмет­терде, одан соң республика Министр­лер кеңесі төрағасының орынбасары, төра­ғасы болғаны мәлім. Зейнетке шық­қан­нан кейін көп уақыт өтсе де, бірге қызметтес болған кісілердің аты-жөнін, тіпті бала-шағаларының есімін бұлжытпай айтып отыратын. Өзі аралаған шаруашы­лықтарды, сонда танысқан адамдарын кеше ғана көргендей етіп еске түсіретін. Оған біз таңданып сұрағанда: «адаммен танысқанда шын көңіліммен, ниетіммен танысам, ал оның атын тек жадымда ғана емес, көңілімде, жүрегімде сақтай-
мын», – дейтін.
Мәкеңнің парасаттылығы жөнінде, кезінде ол кісіге көмекші болып қызмет атқарған Жарысбек Әбутәліпов ағамыздан естіген біраз әңгімелер бар. Соның бірі – Үкімет басшысы болып жүргенде Сәбит Мұқанов, Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов сынды атақты азаматтар төрағаның қабылдауына жиі келіп, ақылдасып, сөйлесіп, мәселелерін ойдағыдай шешіп кететін. Мәсімхан Бейсебаев ол кісілерді күттірмей, тез қабылдайтын. Жалпы, ол кісінің әдеті, тығыз жұмысы немесе жиналысы болма­са, келген кісіні күттірмейтін. Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Кенен Әзірбаев, Асқар Тоқмағамбетов сияқты ақсақалдарға ерекше көңіл бөлетін. «Ол кісілер Алматыға келсе менімен жолық­ты­рыңдар» деп тапсырма беретін. Олар Алматыға келді дегенді естісек, дереу тауып алып, Мәкеңнің қабылдауына әкелетінбіз. Жалпы ағаның еңбек адамдары мен өнер адамдарына деген ықыласы, қамқорлығы ерекше еді. Оған ақын-жазушыларға, ғалымдарға, артистерге әдейі арнап соқ­қыз­ған тұрғын үйлер де куә, – деп әңгімелейді Жарысбек Әбутәліпов.
Республика Жоспарлау комитеті төра­ғасының 20 жылдай орынбасары бол­ған, барлық әлеуметтік саланы бас­қар­ған белгілі қайраткер Ғарай Сағым­баев М.Бейсебаев жөнінде былай дейді:
– Мәсімхан аға шақырып алып, «Сен қасыңа тиісті кісілерді ертіп, Шоқанның зиратына барып қайтшы. Басында қарайған ештеңе жоқ көрінеді ғой, бұл ұят емес пе? Шоқан қазақтың мақтанышы деп жүрміз, осыған лайықты басына ескерткіш орнатайық, – деп маған тап­сыр­ма берді. Сонымен осы іске бел­сене араласып кеттім. Мәскеуге барып жүріп біраз ақша бөлдіріп, ескерткішті бітірдік. Ашылуына Димаш Қонаевты шақырдық. Бәрі біткен соң Мәкең бізді шақырып алып, мүсіншіге, жұмысшы­ларға, маған рақмет айтып, бәрімізге әжептәуір сыйақы бергізді.
Қазір Қазақстан тарихи ескерт­кіш­тер­ге бай, пәлен ескерткіш мемлекет қарауында деп жүрміз. Ғарай Сағымбаев­тың айтуынша, осы мәселенің басы-қасында тұрған, тарихи ескерткіштерді мемлекет есебіне алу жөнінде арнайы Үкімет қаулысын қабылдатқан М.Бейсе­баев екен. 15 облыста ескерткіш­тер­ді қалпы­на келтіретін шеберханалар құрғы­зып, оларға арнайы қаражат бөлгізіп, көлік, штат бергізіпті.
Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығын салу идеясын алғаш көтерген Мәсімхан ағамыз көрінеді. Жарысбек Әбутәліповтің айтуынша, бір кездесуде біраз елдің көзінше сол кездегі универ­си­тет ректоры Асқар Закаринге Мәкең былай дейді: «Сенің университетің ескі үйде. Ол білімнің қара шаңырағы, бірінші университетіміз ғой. Оның жағдайын жақсартатын уақыт жетті, жақсы жоба ізде. Шет елдерде көп боласың, оларда университет қалашығы дейтін болады. Солардың жобаларының жақсысын таңдап, үкімет алдына мәселе қой, біз қолдаймыз.
Закарин жобаны дайындағанымен, ректорлық қызметтен кетіп, жоба мұра­ғат­қа өтеді. Кейін Өмірбек Жолдас­бе­ков осы жобаны жетілдіріп, тү-зетіп, оны үлкен ерлікпен іске асырады. Сөйтіп, қазіргі көз тартатын ҚазМУ қалашығы­ның тарихында да Мәсімхан ағамыздың ізі жатыр.
Мәкеңнің парасаттылығының тағы бір көрінісі – ұлттың болашағын ойлап, болжам айтуында. Қазақ жастарының оқу-білімге құштарлығын құптай келіп, инженерлік мамандыққа бармай, көбі гуманитарлық салаға ұмтылатынын айтып қынжылатын. Ірі зауыт-фабри­ка­ларда, комбинаттар мен шахталарда қазақ мамандары аз, жетекшілерінің де көбі басқа ұлттың өкілдері. Ал елдің бола­шағы, ұлттың тағдыры, экономика­ның даму барысы инженерлік-техни­ка­лық кадрлардың қолында. Сондықтан біз көп кешіктірмей ұлттық техникалық интел­лигенцияны қалыптастырып алуы­мыз керек. Жаңа техника мен техно­логияны меңгермей, ұлт өркениеттілер қатарына қосыла алмайды. Жастарды техникаға жақын етіп тәрбиелеу – бүкіл­халықтық маңызы зор мәселе, – деген еді Мәсімхан аға. Осы ойының біразын өзі іске асырып кетті.
Мәкең тек қана қазақ халқы емес, басқа ұлттардың да тағдырын ойлаған. Кезінде Ұйғыр ауданын басқарған С.Тәнекеев ағамыз М.Бейсебаевтың тікелей тапсыруы­мен, белсенді араласуымен, қатал қадаға­лауы­мен алғашқы ұйғыр орта мектептерінің қалай ашылғанын жырдай ғып баяндайды. Бұл Мәкеңнің парасаттылығының биік белесі болса керек.
М.Бейсебаевтың басшы ретінде тағы бір ерекшелігі – ол қамқоршылық қасиеті. Басшылардың басы қосылған жерде: «Сендер елдің қамын ойлау үшін, халыққа жағдай жасау үшін тағайындалған азаматсыңдар. Ең алдымен еңбекшілердің мәселесін шешіп беріңдер – еңбекақысын дұрыстаңдар, елді мектеп, балабақша, клуб, кітапханалармен қамтамасыз етіңдер, содан кейін барып дұрыстап жұмыс сұрауға болады», − деп отырады екен.
Жастарға қамқорлығы жөнінде жоғары­да сөз болды. Тәрбиелеп өсірген кадрлар ішінде аты алты алашқа әйгілі мына азаматтар бар: С.Тәнекеев, С.Жиенбаев, Қ.Егізбаев, К.Кетебаев, Ә.Алыбаев, З.Батталханов, М.Есболатов, Ж.Әбутәліпов, Ж.Балапанов, Қ.Асанов, П.Канцеляристов, Т.Курганский және т.б. ірі қайраткерлер.
Мәкеңнің жақсылығын, ұстаздық қамқорлығын көрген, соның арқасында биік лауазымға ие болған қыз-келіншектер қаншама. Ағаның шапағатын көргендердің ішінде Б.Бөлтірікова, З.Омарова, Б.Рама­за­нова, Р.Сырғабекова, З.Сармол­даева, А.Үнгебаева, Ғ.Бибатырова сынды көрнек­ті қайраткер қыздар бар.
Жалпы М.Бейсебаев басшы ретінде кадрларға аса зор қамқоршылықпен қараған. Егер біреулер кінәсіз жазаланып бара жатса, мәселеге тікелей араласып, адам тағдырының әділ шешілуіне ықпал етет­ін көрінеді. Мәселе асқынып кетіп, бірақ ана адамның кінәсіз екеніне көзі жетсе:
− Сендер асықпаңдар, партиядан шыға­рып та, жазалап та үлгереміз, ол ешуақытта кеш болмайды. Асыра сілтеп, бүтін нәрсені бүлдіріп алмайық. Мына мәселені маған тапсырыңдар, тағы бір рет тыңғылықты тексеріп, талдап қарайын. Содан соң сендерге нәтижесін айта-
йын, – деп талай адамды ауыр жазадан аман алып қалыпты.
Кезінде асыра сілтеу кесірінен қызмет­тен қуылып, тепкіні көрген белгілі қайрат­кер­лер болса, оларға қол ұшын беріп, көмектесуден тайынбаған. С.Елагин Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен алынып, партия­дан шығып, жұмыссыз қалған кезін­де, бюро мүшелерімен апта бойы сөйле­сіп жүріп көндіріп, Алматы облысы­ның бір үлкен совхозына директор етіп тағайын­да­та­ды. Елагин сол қызметінен өсіп, кейін Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілді.
– Мой покровитель, мой пророк Масимхан Бейсебаевич. Он меня спас и сделал человеком. Это мое второе рожде­ние, – деп айтып жүреді екен ол.
Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал Шырақбек Қабылбаев өз басы тікелей кінәлі болмаса да Теміртауда болған оқиғаға байланысты орнынан алынады. Сонда Мәкең бюрода отырып:
− Жауапкершілікті өз мойныма ала­мын, қателік жасаса мен жауап беремін, – деп министрден босатылған Қабылбаевты Алматы облыстық Ішкі істер басқарма­сы­ның бастығы етіп тағайындайды.
Мұндай жағдайлар Мәкеңнің өмірінде аз болмаған. Атақты Нұрмолда Алдабергеновтің үстінен іс қозғалып, оны жазалауды Хрущевтің тікелей өз бақылауына алған кездің өзінде де, осы іске араласып, ауыр жазадан оны құтқарып қалады. Қамқоршылық деген кім болса соның қолынан келе бермейді. Бұл – жаны таза, өзі әділетті, жүрегі қайырымды, ой-өрісі кең ірі тұлғалардың еншісі. Мәсімхан ағамыз осындай азамат еді.
Мәсімхан Бейсебаевтың ел басқару әдістері, басшылық қасиеттері өзінше жеке әңгіменің өзегі болуға тұрады. Өзім де жақсылы-жаманды біраз басшылық қызмет атқарған соң, басшы деген қандай болу керек деген мәселенің төнірегінде көп ойланып, естіп-білгенімді жинап, жүйелеп жүретінмін. Осы тұста мені Мәкеңнің басшылық ету ерекшеліктері қатты қызықтырды. Бұл туралы ол кісімен қызметтес болған әріптестерінің көптеген әңгімелеріне қанық болдым.
Ең алдымен Мәсімхан Бейсебаев өте көп білетін, шаруашылықтың барлық саласын терең меңгерген, қоғамда болып жатқан құбылыстарды саралап, зерде­леп отыратын, өмірдің қыр-сырла­ры­нан мол хабары бар саналы басшы болыпты. Барлық мәселені әділ шешуге тырысатын, өз ойын ашық айтып, тік сөйлейтін. Жағымпаздық деген жиренішті әдеттен аулақ болып, ешбір биік лауазым иесіне бас имей кетіпті. Ал өзіне жағым­паз­дық жасаған қызметкерді жанына жуытпайтын көрінеді.
Жиналысты керемет шебер, іскер түрде өткізеді екен. Мәселені бүге-шігесіне дейін терең байыптап меңгермей, талқылауға жібермейтін. Талқыланып жатқан мәселені жан-жақты талдатып, отырғандардың ой-пікірін ескеріп барып түбегейлі шешім шығаратын. Ол біреуге ұнай ма, ұнамай ма оған қарамайтын.
Тағы бір қасиеті – егер көпшілік мына мәселе күрделі, болашағы бар мәселе, тереңірек қарау керек деп жатса, оны жүзеге асыруға міндетті түрде Үкімет қаулысын қабылдататын. Ал қабылдаған шешімді іске асырмай тынбайтын. Бұл басшының сөзі мен ісінің бір жерден шығуы деген сөз.
Жалпы, замандастары М.Бейсебаев­тың кезінде керемет басқару мектебі қалып­тас­қа­нын айтады. Егер де «Мәсім­хан­тану» тағылымын қалыптасты­ру керек болса, оның басқару мектебі, басшылық қасиет­тері осы тағылымның өзегі болар еді.
Халқымыздың біртуар асыл азаматы, аса көрнекті қайраткер, ғалым, ақын-жазушы Асанбай Асқаров ағамыздың қағидаға айналып кеткен мынадай бір сөзі бар еді: «Жақсы басшы болу үшін адамда үш қасиеттің болуы шарт: біліктілік пен зиялылық, әділдік пен тазалық, халқын шексіз сүю. Осы үш қасиет болса, басқару тәжірибесі, ұйымдастыру қабілеті уақыт сынынан өте келе біртіндеп қалыптасады. Ал бұл қасиеттер жоқ болса, онда ондай басшы – елдің соры», – дейтін ардақты Асекең.
Осы қасиеттің барлығы Мәсімхан ағамыздың бойында бар еді. Оған қоса кішіпейілдік пен қарапайымдық сияқты адами қасиеттері көзге ерекше көрініп тұратын. Кезінде Жоспарлау комитетінің бастығы, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған Камал Кетебаев мына оқиғаны еске алады: «1968 жылдың желтоқсан айында Министрлер кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаев алпыс жасқа толды. Біз не істейміз, мерейтойға қалай дайындаламыз, қандай сыйлық жасаймыз деп қиналып жүрдік. Ол кезде 60-қа, 70-ке келген басшылар дүрілдетіп, төңірегін улатып-шулатып үлкен той жасайтын. Мәкең бәріне тыйым салды, салтанатты жиынға да рұқсат бермеді. Жұмыс күні аяқталғанда отыз шақты әріптес қызметкер мен жора-жолдасын демалыс үйінің асханасына ертіп барып, дастарқан жайды. Біреулер мақтап, лепіріп сөйлей бастаса, жымия күле қарап, қолымен әдепті түрде белгі беріп, отырғызып қойды. Сөйтіп, бұл мерейтой емес, жай ғана қонақ қабылдау кеші болды. Өз басым үлкен лауазымдағы басшы кісінің мерейтойы дәл осылай өте қарапайым, елеусіз түрде өткенін бірінші рет көруім, – деп сыр шертеді Камал аға.
Тұрмыста Мәсімхан аға өте қара­пайым, жұпыны болды. Көп уақыт Министр­лер кеңесінің төрағасы болған адамға үйін дүниеге толтырып қоюға мүмкіндігі болды. Тұрмысы ортаң қолды ғылыми қызметкердің жағдайындай ғана еді, бар байлығы – қабырғаларға тақай қойылған көп сөрелердегі алуан түрлі кітаптары.
Зейнетке шыққанда не жекеменшік автокөлігі, не саяжайы болмады. Үкімет­тен үміт болмаған соң, Алматының түбін­дегі Калинин атындағы колхоздың төра­ға­сы Қапан Алдабергенов ағамыз колхоз атынан шешім шығарып, Мәкеңнін өз ақшасына «Волга» мәшинесін алып берді. 1973 жылы Есентай сайдан кішкентай үйші­гі мен 6 соттық жері бар саяжай сатып алды. Балалары, туыстары жиналып, екі бөлмелі кішкентай саяжайлық үй салып берді.
Балалары демекші, бар билік қолында тұрғанда үш ұлының немесе басқа ағайын-туыстарының ешқайсысына жеңілдік жасап, лауазымды қызмет берген жоқ. Бұл ісіне ешқашан өкінген де емес. Мәкеңнің өмірлік қағидасы – әркім өз еңбегімен өсуі керек, бұл үшін әкесінің аты мен ата­ғын пайдалану қиянат.
Міне, мен білетін текті тұлға, бекзат бей­нелі Мәсімхан Бейсебаев ағамыз осын­­дай еді. Өмірге сирек келетін, алаш­тың арысы, ұлтымыздың намысы болған біртуар дара тұлғаның өмірінің соңғы кездерінде он жылдан аса қасында жүріп, ақылын тыңдап, көңілінің нұрына бөлен­генімді тағдырымның маған берген ерек­ше сыйы деп білем. Асыл ағаның атын ар­­дақ­тап, аруағына өмір бойы бас иіп өтем.

Көпжасар НӘРІБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
ғылым және техника қайраткері,
ҰҒА академигі

Дереккөз: Айқын