Қамауда отырған Өзбекстан азаматының анасы Тоқаевтан араша сұрады (видео)

0

Кәмелеттік жасқа толмаған ұлы қамауда отырған ана президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды кznews.kz сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Дербісалиева Кәмшат Ожырайқызы ҚР азаматымын. Менің ұлым Талипов Сәкен Талғатұлы Өзбекстан азаматы. Кәмелетке толмаған. Ұлым 4-қаңтарда бейбіт митингке қатысты. Бірақ ешқандай ауыр қылмыс істемеген, ешкімді ұрмаған, шақпаған.Ол жерде 1,5 сағат ғана болған. 5-нен бастап балам жұмыста болды. Мен өзім бейбіт өмірді қалайтын, адал еңбекпен күн көріп жүрген қарапайым анамын. Бар байлығым осы ұлым ғана. Сізден өтініп сұраймын қазіргі таңда балам қамауда, азапталуда бүйрегіне зақым келді, қабырғалары сынды», — дейді Дербісалиева.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан өз азаматының негізсіз қамалуына байланысты Қазақстанға нота жолдағанын хабарлаған болатынбыз.

17 жастағы Талипов былтыр күзде Қазақстанға апасына барып, Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде күзетші болып істей бастаған. Жақындарының айтуынша, ол 4 қаңтарда бейбіт митингке барып, басқалармен бірге әкімдіктің ғимаратына дейін жеткен. Видеода оның полиция сойылын және қалқанын жерден көтеріп алғаны көрінген.

Ақпанның басында Талиповті екі айға қамауға алған. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «төтенше жағдай жарияланған аймақта тәртіп сақтау қызметкерлерінің өміріне қол жұмсау әрекеті» үшін айып тағылған. Адвокаты бұл айыптарды негізсіз деп есептейді.

Анасы ұлының жағдайы нашарлағанын, азапталған болуы мүмкін екенін айтады.

Қазақстанда жыл басынан бері қанды оқиғаларға байланысты ондаған шетел азаматы ұсталды. Қазақ билігі жаппай тәртіпсіздікті шетелдіктер ұйымдастырғанын, еңбек мигранттары деген атты жамылып, «террористер» өлкеге арнайы келгенін бірнеше рет айтты. Бірақ оған қазіргі күнге дейін бірде-бір дәлел келтірген емес.

Таяуда Қырғызстанның Омбудсмен институты Қазақстанның Тараз қаласында екі қырғыз азаматы ұсталғаны туралы ақпарат бар екенін білдірді.

Музыкант Рузахунов пен Алматыға барып-келіп жұмыс істеген Чолпонбек Сыдыков қаңтардың басында ұсталып, полиция тарапынан азапталған. Бірнеше күннен кейін олар қырғыз билігі мен белсенділердің талабымен босатылған.

Видеоны осы сілтеме арқылы көре аласыз.