Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын

0

Мәдениет

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Абай рөлін алғаш сомдаған актер жайлы фильм түсірілді. Деректі фильмде режиссер Есмұхан Обаев, жазушы Тұрсын Жұртбай, актер Азамат Сатыбалды пікір білдірген

АЛМАТЫ, 15 ақпан – Sputnik. Алматыда актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалыбек Қуанышбаевқа арналған деректі фильмнің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қалыбек Қуанышбаев. Сахна перісі» деректі фильмін мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Сенарий авторы – Лязиза Керімқұл, қоюшы режиссер – Санам Реваева.

«Қалекең жайлы үш күн айта аламын. Дастарқандас болдық, Қалекеңнің ұлы Алдашпен дос болдық.  Сонымен бірге үйіне барып, Қалекеңнің талай қызығын көрдік. Мұндай адамдар бұл өмірге қайта келмейді. Мүлде өтірік айтпайтын, таза адам еді. Қалекей Шәкен Аймановтың оқытушысы болатын. Шәкен соған табынатын. Қалеке құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын», — деді көрсетілімге келген Асанәлі Әшімов.

Оның айтуынша, Қалыбек Қуанышбаев Шекспирдің рөлін ойнап жүріп, Абайды оқыған.

«Рөлдің дәнін Абайдан іздейтін. Бүгінгі оқиға Абайдың 175 жылдығына тура келіп отыр. Абайды жастанып жататын. Қалекейдің өзі – Абай. Өнердегі Абай. Қалекей рөлін жаттағанда келіндері, балаларына оқытатын. Ондай сәтті айтуға сөзім жетпейді. Менің бақытым – осы кісілерді көргенім», — деді ол.

Оқи отырыңыз: Әртістерге басу айтуға барған мәдениет министрі даудың ортасында қалды 

Деректі фильмде режиссер Есмұхан Обаев, жазушы Тұрсын Жұртбай, актер Азамат Сатыбалды пікір білдіріп, фильмге үлес қосқан.

Арнайы білімі болмаса да, өз дәуірінен озық туған  Қалыбек Қуанышбаев қазақ кәсіби театрының іргесін қалады. Тума талантын ел-жұрт мойындап, актер атанды. Адалық, достық деген ұғымға берік жан саф мөлдір тазалығына шаң жұқтырмай, ғұмыр кешті. Ұлтқа қасірет арқалатқан нәубет жылдары театрдан шеттетілген Қалыбек Қуанышбаев көп кешікпей ұлттық кәсіби өнер театрында тұңғыш рет Абай рөлін сомдап, шырқау биікке көтерді.

«Абайдың рөлі қасиетті рөл. Бізден кейін де бұл рөлді сомдайтындар болады. Алайда ең алғаш болып Абайды сомдаған қадірлі ағамыз  – Қалыбек Қуанышбаев», — деді Азамат Сатыбалды.

Сенарий авторы Лязиза Керімқұл фильмді жасау үшін бейнеархив, фотоархивте көп уақыт өткізгенін айтты.

«Өмірден өткен кісілердің образын ашу үшін архивтің көмегіне жүгіндік. Ұлы тұлғаның өмірін, өнердегі жолын әңгімелеп беру үшін естеліктерді ақтардық. Өкінішке қарай, қазақ театрының қаз-қаз басып, енді дами бастаған кезінен бейнеархив жоқтың қасы. Мұхтар Әуезов, Асқар Тоқманов, көзін көрген үзеңгілестерінің естеліктерін қарап, мұқият оқып шықтық. Фильмнің шығуына көп көмек көрсеткен Асанәлі ағамыздың, Қалыбек Қуанышбаевтың көзін көрген бүгінгі театр ақсақалдарының көмегінсіз бұл фильм шқпайтын еді», — деді Керімқұл.

 

 



sputniknews.kz