Ақтөбеде автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, 26 адам ауруханаға жеткізілді

0

15 ақпанда таңертең Ақтөбеде автобус пен такси көлігі соқтығысып, 26 адам ауруханаға жеткізілді деп хабарлады polisia.kz сайты.

«Жұбанова мен Сейітов көшелерінің қиылысында такси қызметін атқаратын Volkswagen Polo мен №37 бағыт бойынша жүретін автобус соқтығысып, соның кесірінен автобус аударылған. Дәрігерлер тобы және полиция қызметкерлері автобустағы 26 жолаушыны (19 әйел, 7 ер адам) ауруханаға жеткізді» делінген хабарламада.

Оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталған. Жол апатының себебі айтылмайды. Бірақ полиция хабарламада жолдың тайғақ екенін ескертіп, жүргізушілерді сақ болуға шақырған.

Еуродақ статистикасы бойынша, Қазақстан әлемдегі жол апаты ең көп болатын бес елдің қатарына кіреді. Көлік апаттарының негізгі себебі ретінде жол ережесін сақтамау және жол сапасының нашарлығы аталады.

Azattyq