Қайтыс болған қызға арналған: Kalifarniya «Аспан» әніне қатысты бар шындықты айтты

0

Көпшілікке Kalifarniya атымен танымал отандық әнші Фархад Қалиев «Аспан» әнінің шығу тарихын баяндады. Ол «Taboo» бағдарламасында шығармашылығының шарықтауына септігін тигізген туынды қайтыс болған қызға арналғанын айтты.

Kalifarniya-ның аталған туындысы аз уақытта 16 млн қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Алайда бұл туындының тарихын бірі білсе, бірі білмейді. Өнер иесінің өзі де бұл тақырыпта көп сөз қозғамаған. «Мен енді көтеріліп келе жатқан кезде басқа қалаларға шыға бастадым. Кейде студия үшін, кейде қыдырып баратынмын. Бірде Атырау қаласына жолым түсті. Өзім өнерде жүрген соң айналамда шығармашылық жандар көп болатын. Олар мені күтіп алды. Осылайша Атырауда 1 айға жуық қонақ болып, бәрімен жақын араласып кеттім.

Содан Ақтөбеге оралған соң 2 күннен кейін сол достарымның ішінде бір қыз қайтыс болды. Ал рөлде жігіті болған екен. Ол да біздің танысымыз. Екеуі алты жыл жүріп, спектакль ойнап біткен соң жігіттің анасымен танысуға жолға шығып, апатқа ұшыраған», — деп баяндады Фархад. Әншінің сөзінше, бірнеше күннен соң іш-құса болған досы хабарласып, қызы түсіне кіріп жүргенін айтқан. Ол әншіден марқұмға арнап ән жазуын сұраған. «Мен ол уақытта «Роза» әніне бейнебаян түсіріп жатқанмын. Бір аптадан соң досым хабарласып, қызының түсіне кіріп жүргенін айтты. Ол «Әсел мені шақырып жатыр. Тоңып жатыр екен. Сол жаққа кеткім келеді» деді. Мен оны жұбатып, анасы мен қарындасын ойлауын сұрадым.

Содан ол өтініш жасап, өзі тыңдайтын ән жазуымды сұрады. Солай «Аспан» әні жарыққа шықты. Бұл ән тек досыма емес, осындай жағдайға тап болған барлық адамға көмектескенін қаладым», — деді әнші.