Қайта жаңғырған «Қазақстанның халық әртісі» атағы кімдерге берілді

0

Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда мәліметінше, олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Дінмұхаммед Ахимовқа, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаевқа, атақты әншілер Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылдан бастап «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта беріледі.

Құрметті атақ еліміздің театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан, осыған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған мәдениет қызметкерлеріне беріледі.