Жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысы көтерілмек

0

Университет оқытушыларының жалақысы көтерілмек. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында республикалық бюджет жобасына ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруге қатысты түзету енгізгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының жалақысын көтеру туралы бірнеше тапсырма берді. ЖОО-лар гранттарды бөлу арқылы бюджеттен қаржыландырылатындықтан, біз бюджет есебінен төленетін бір гранттың құнын көтеруді ұсындық. Әсіресе, магистратурада бюджеттік гранттардың құнын көтеру маңызды», — деді депутат Аймағамбетов өз парақшасында.

Ол осыдан бірнеше жыл бұрын тиісті министрлік бакалавриат пен докторантура гранттарының құнын бірнеше есеге өсіргенін және бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеруге мүмкіндік бергенін айтты.

«Бірақ бүгінгі күні бұл шараларды жаңарту маңызды. Сондықтан комитет бюджеттік заң жобасына бұл өзгерістерді енгізуге бастамашы болып, келесі жылға тиісті түзету енгізілді. Түзетулерді қабылдау университет оқытушыларының жалақысын орта есеппен 40 пайызға көтеруге мүмкіндік береді», — деді Асхат Аймағамбетов.

Мәжіліс депутаты жалақы көтерілген кезде мұғалімдердің лауазымдық жалақысы көтерілуін қамтамасыз ету мәселесін төменгі палата депутаттары бақылауға алатынын айтты.

Айта кетейік, 2022 жылдың қараша айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университеттердегі оқытушылар мен ғалымдардың жалақысын көтеру мәселесін көтерген болатын.