«Қайратқа» ел кубогын алып берген бапкер ҚПЛ-дың ең төменгі командасын баптауы мүмкін

0

Биыл «Қайрат» клубына ел кубогын алып берген маман Андрей Карпович алматылық ұжым сапынан кетті. Бұл туралы Карпович өз сұхбатында айтқан.

Оның айтуынша, «Қайрат» басшылығы Андрейдің клуб құрылымында қалуын және бапкерлер штабына кіруін қалап, ұсыныс жасаған. Алайда маман бұл ұсынысқа қарсылық танытқан. Маусым аралық үзіліс кезінде командаға 30 жастағы белорусиялық маман Алексей Шпилевский бас бапкер болып келген еді.

«Басшылық тарапынан ұсыныс болды. Бірақ жеке себептерге байланысты мен бас тарттым. Қазіргі жағдайда менің «Қайратқа» тигізер пайдам шамалы. Бұл жерде қалу туралы еш мән-мағына көріп тұрған жоқпын. Футболға деген көзқарастан бастап, ойын философиясы жайында ой-пікіріміз түйісе қоймайды. Бапкерлікті енді бастап келе жатқан маман ретінде өсу керек» депті Карпович.

37 жастағы Карпович «Қайраттың» бапкерлер құрамына 2017 жылдың мамыр айында кірген. Осы маусымда бас бапкер Карлос Алос Феррер қызметтен кеткеннен кейін бас бапкердің міндетін атқару Карповичке жүктелген еді. Оның басшылығымен команда премьер-лигада бес кездесу өткізіп, Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Қазіргі таңда Андрей көкшетаулық «Оқжетпес» клубына бас бапкер болып барады деген сыбыс бар. Көкшелік команда бірінші лигадан биыл ғана премьер-лигаға оралған.

Карпович – Семей футболының түлегі. Әр жылдары «Елімай», «Ертіс», «Қайрат» клубтарында ойнады. 2002-2003 жылдары ресейлік «Ростов» сапында да өнер көрсетті. Ұлттық құрамада да табысты ойнады. 54 матчқа қатысып, үш мәрте мергендігімен танылды. Соның бірі 2006 жылы Әлем чемпионатына іріктеу ойындары аясында Украина қақпасына соққан голы. Бұл – Қазақстан құрамасының УЕФА құрамына кіргеннен кейінгі алғашқы тарихи голы еді.

«The Qazaq Times»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз