Қайрат Нұртастың Алакөлдегі концерті: Санитар дәрігер түсініктеме берді
Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртастың Алакөлде дүркіретіп өткізген концерті жайлы құзырлы органдар пікір білдірді. Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мұнда заңбұзушылық орын алмаған.
Ығы-жығы концертке жиналған тыңдармандар түсірілген видеоны әнші өзінің желідегі парақшасына жүктеген. Өз кезегінде бұл қазақстандықтардың наразылығын тудырды.
Дегенмен, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тексеру жүргізгендерін және концертте карантин талаптар бұзылмағанын алға тартады.
«Бүгінгі күнге дейін Үржар облысы әкімдігінің мониторингтік топтарынан Alazone аренасы қызметіндегі заңбұзушылықтар туралы материалдар, сондай-ақ Алакөл көлінің жағалауында демалушыларынан шағымдары мен өтініштері болған жоқ», – дейді департамент өкілдері.
Олар облыстық санитарлық дәрігердің қаулысына орай концерт залдарында 20% сыйымдылықпен, ал Ashyq қатысушылары 40% сыйымдылықпен іс-шара өткізуге рұқсат берілгенін жеткізді. Ал әншінің ән шашу кеші өткен Alazone демалыс орны Ashyq жүйесінде тіркелген көрінеді.
«Іс-шара ашық аспан астында өткізілгендіктен мұндағы эпидемиологиялық қауіп өте төмен», – дейді эпидемиологтар.
Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Нұртастың концертіне жиналған көрермен желі оқырмандарының түсінбестігін туғызғаны айтылған еді.