Қай салалардың қызметкерлеріне миллион теңгеден берілетіні белгілі болды

0

Астанада баспана сатып алу үшін әлеуметтік көмекке үміткер бюджет қызметкерлерінің санаты белгілі болды.

Тұрғын үй алу үшін денсаулық сақтау, білім, полиция және әлеуметтік қамтамасыз ету саласының жұмысшылары бір миллион теңгеден ала алады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласында аталған сала қызметкерлерінің саны – 37 102 астам, оның ішінде тұрғын үйге мұқтаждар саны – 16 850 адам.

«Қаланың муниципалды қызметтерінде білікті кадрлар корпусын жасақтау мақсатында іс-шаралар қолға алынды. Жоғарыда көрсетілген салалардың қызметкерлеріне 1 (бір) миллион теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек (тұрғын үй алу үшін көмек) берілетін болады», — дейді Астана қаласының Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының тұрғын үй саясаты бөлімінің бас маманы Айшагүл Сәбитбекқызы.

1 миллион теңге ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін төлеуге жұмсалады.

Бұл іс-шара тұрғын үйге мұқтаждар санын азайтуға, сондай-ақ білікті кадрлар корпусын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

sputniknews.kz