Қадыров билікті ядролық қару қолдануға шақырды
Стратегиялық нүкте – Лиманды бір күн бұрын украин әскерлері басып алды. Негізгі базаны тапсырғаннан кейін ресейліктер билікті ядролық қару қолдануға шақыра бастады.
Бұл туралы kznews.kz сайты orda.kz порталына сілтеме жасап.
Украина әскерлері сенбі күні Украинаның шығысындағы Лиманның негізгі бекінісін алғанын хабарлады. Осы ащы жеңілістен кейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бұл аймақтағы армияның қамтамасыз етілуін сынап, «шекаралас аймақтарда әскери жағдай жарияланғанға дейін қатаң шаралар қолдану керек» деген пікір білдірді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл Украинаның төрт аймағындағы референдум нәтижелері жарияланғаннан бір күн өткеннен кейін орын алған. Лиманның алынғаны туралы және бұл Донецк облысының бір бөлігі екенін Украина билігі бір күн бұрын хабарлады.
— Құрметті украиндықтар, бүгін Украина қарулы күштері Донецк облысындағы Лиманды азат етіп, бақылауға алды, – дейді әскерилердің бірі.
Видеоның соңында бір топ украин әскері ғимараттың төбесінен Ресей туын түсіріп, орнына Украина туын көтерді.
Бір қызығы, осыдан бірнеше сағат бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі «қоршауда қалу қаупінің туындауына байланысты» бұл аймақтан әскерлер шығарылатынын хабарлады.
Ресей Донецк облысының солтүстігіндегі операциялары үшін Лиманды логистикалық және көліктік орталық ретінде пайдаланғаны белгілі. Азат етілген аймақ Харьков облысының солтүстік-шығысындағы қарсы шабуылдан кейінгі Украинаның ұрыс даласындағы ең үлкен жетістігі болып отыр.
— Соңғы аптада Донбаста Украина туларының саны артты. Бір аптадан кейін одан да көп болады, – деді Украина президенті Владимир Зеленский видео үндеуінде.
Ол сондай-ақ, украин әскерлерінің Лиманнан шығысқа қарай негізгі жол бойындағы Торское ауылын басып алғанына назар аударды. Украин әскерлерінің жетістіктері Ресей билігін қатты алаңдатқандай. Қадыровтан басқа Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев те кенеттен ядролық қару туралы айта бастады. Әйтсе де, мәселе сөзден әріге барған жоқ. Бұған дейін Вашингтон кез келген ядролық қаруды қолдануға қатаң жауап беретінін мәлімдегенін еске саламыз.
Сонымен қатар жұма күні Ресей билігі референдумнан кейін Донецк және Луганск облыстарын, сондай-ақ Херсон және Запорожье облыстарының оңтүстік аймақтарын Ресей жері деп жариялады. Бұл жалпы аумақтың шамамен 18% және Украина жерінің бір бөлігі. Референдумды әлемнің көптеген елдері мойындамады. Ал Киев өз жерін ресейлік әскерлерден босатуды жалғастыруға уәде беріп, Путин президент болып отырғанда Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.