Қабыршықтанған қол терісін қалай емдейді?

0
Қол терісі құрғақшылықтан, химикаттардан немесе қандайда бір ауру салдарынан қабыршақтануы мүмкін. Емдеу іс-шаралары мәселенің неден туындағанына байланысты жүргізіледі. 

Қол терісі неден қабыршақтануы мүмкін? 

Қол терісі көбіне дұрыс күтім болмағандықтан қабыршақтанады. Егер күніне бір рет ылғалдандырып отыруды ұмытсаңыз, суық күндері перчатка кимегенмен қатар, қорғаушы кремдерден бас тартқан болсаңыз, үй жуғыш құралдары құрамындағы химикаттармен жұмыс істегенде немесе бау-бақша жұмыстары кезінде арнайы перчатка кимесеңіз, қолдарыңыз зардап шегетіні сөзсіз, алайда мұнымен күресу жеңіл. Қабыршақтануға таз ауруы немесе тері жұқпасы, дәрі-дәрмекке әсершілдік, тершеңдік, гипервитаминоз себепкер болғанда мәселе қиындай түседі. Бұдан басқа, қолдың қабыршақтануы генетиканың бұзылуынан, улағыш некроздан және дерматит, эритродермия, экзема, ихтиоз, псориаз сынды тері аурулары салдарынан туындауы мүмкін. Егер күтім көрсеткеннен кейін де теріңіз қабыршақтана берсе дәрігерге қаралған жөн. Себебін анықталған соң дәрігер арнайы ем жазып береді. Бұл антибиотик, стероид, тазға қарсы қолданылатын препараттар болуы мүмкін. Сонымен қатар, дәрігер қабыршақтануға бейім теріні қалай күтуі керектігі жайлы кеңесін айтады. 

Егер тері қызарып, жарылып кетсе, қышып дуылдаса, тартылып тұратын болса – онда тез арада дәрігер дерматологқа көрінген жөн. 

Тері қабыршақтануына қолданылатын халықтық ем-домдар 

Қол терісінің қабыршақтануын емдеуге арналған маска көбіне қолжетімді, күнделікті пайдаланып жүрген өнімдерден тұрады. Бұл: — қияр; 
— зәйтүн майы; 
— бал; 
— банан; 
— сүт; 
— сұлы. 

Жас қиярды үккіштен өткізіп, езбені қолдың зақымданған жерлеріне жағып, жарты сағат ұстау керек, кейін жылы сумен жуып жіберіңіз. Бұл қарапайым маска теріңізді ылғалдандырып, жұмсартады. Емді 7-10 күн жүргізу қажет. Қол терісінің саулығы қайта қалпына келген соң, келеңсіздік қайта қайталанбас үшін масканы араға уақыт салып, тағы жасап тұрыңыз. 

Сұлы қауызынан қолға арналған жылы ванна жасаңыз. Кішігірім, қолыңыз сыятындай тегенеге қайнаған су құйып, сұлы қауызын кофеүккіш арқылы үгітіп, тегенедегі суға салыңыз. 

Жылыған кезде қолыңызды суға салып, 10-15 минут ұстаңыз, кейін жылы сумен жуып, жұмсақ орамалмен сүртіп, ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Сұлы ваннасы теріні жансыз жасушалардан тазартып, қолдарыңызға жұмсақ пилинг жасайды, онымен қоса теріні жұмсартып, тіртіркенуді басады. Тері қалпына келгенше масканы күнде кешке жасап отыру қажет. 

Сүт – тері ылғалдандырғыш тамаша құрал. Сүт пен балдан жасалған құнарлы маска қол терісінің қабыршақтануын кетіруге көмектесе алады. Сізге ол үшін майлы табиғи сүт пен сұйық бал қажет. Екі үлкен қасық сүтті бір үлкен қасық балмен араластырып, қоспаны зақымдалған теріге ақырындап уқалап, сіңіп кеткенше жағыңыз. Тітіркенген теріге жылы сүттің өзінен-ақ ванна жасауыңызға болады. Антибактериалдық қасиеті бар балды да өзін бөлек пайдалана аласыз. Қабыршақтанған теріге балды жағып, 20-30 минуттай ұстап, жылы сумен мұқият жусаңыз жеткілікті. Қолдарыңыз кепкен соң міндетті түрде ылғалдандырғыш крем жағыңыз.

Дереккөз: Reactor

Дереккөз: http://reactor.inform.kz