Қ.Тоқаев Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрі Д.Бушатиді қабылдады

0

Сенат Төрағасы осы кездесу Қазақстан мен Албания арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін беретінін атап өтті.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, жаһандық саясатта рөлі тұрақты артып келе жатқан парламенттік дипломатия өзара іс-қимылға қарқын берудің пәрменді тетігі бола алады. Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясына қатысу аясында қазақстандық сенаторлардың байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, албандық әріптестерді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Д.Бушати өз кезегінде Албания үшін біздің еліміз сенімді әріптес әрі дос екенін атап өтті. «Біз ынтымақтастық жолындағы басты кезеңге келдік. Одан әрі ілгерілеп, байланысты дамыту қажет», — деді ол.

Еуропа және сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевты Албанияның 2020 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болуға ниеті және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға өтініш беретіні туралы хабардар етті. Дипломаттың пікірінше, Қазақстанның осы халықаралық құрылымдардағы қызметіндегі оң тәжірибесі Албания үшін пайдалы болады.

Жүздесушілер екі ел арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін талқылады. Д.Бушати Албания азаматтары үшін визасыз тәртіпті енгізу мәселесін көтерді. Қазақстандықтар үшін мұндай тәртіп 2012 жылдан бері қолданылып келеді.