Президенттікке үміткер Әміржан Қосанов ашық сұхбат берді

0

«Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысы атынан президенттік үміткер Әміржан Қосанов алда болатын сайлау мен өзінің ұстанымы жайлы айтты. Өзін биліктің адамы деп сынағандарға жауап берді. 

qosanov

Бұл туралы Qajet youtube арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Қазақ, орыс тілінде еркін сөйлейтін журналист, саясаткер әрі қоғам қайраткері Әміржан Қосанов сайлау алдында ашық сұхбат берді. Сайлау алдында атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, өзіне мінездеме берді.

«Мен ауылдан шыққан қазақтың баласымын. Менің артымды ешқандай олигарх не билік тұрған жоқ. Биліктің адамы емеспін. Мен оппозиция атынан үміткермін. Негізінен шындыққа жаным құмар адаммын. Бүгінде елімізде қат болып кеткен әділдік, демократия, шындық ұғымын қайта алып келгім келеді. Мені осы бағытты ұстанған, қазіргі билікке наразы топ, жастар қолдайды деп ойлаймын», — дейді Қосанов. 

Президенттік үміткер осы тұрғыда өзіне кір келтіріп, қаралаушы топтардың барын жасырмады. 

«Әрине халықтың бәрі мен жағында емес. Мені қаралаушылар да бар. Бұл ретте іштарлық себеп шығар деп ойлаймын. Мен бастапқыда оппозиция өкілдері жиналып ақылдасайық деген ұсыныс тастадым. Байкот жарияласақ, бірге жариялайық дедім. Ол кезде Жасарал Қуанышалин өзінің түсетінін айтты. Кейін айнып қалды. Сайлауға түсем деген менің өзіме қарсы шығып, биліктің адамы деп қаралады. Хасен Қожахмет, Ермұрат Бәпи де сайлауға түсетінін айтып, кейін айныды. Бұрын бірге жүрген, қанды көйлек дос болған, бірге сотталған, қамалған адамдарымның арасында іштарлық осындайда пайда болатын секілді», — дейді Әміржан Қосанов. 

Қосановтың айтуынша, оның артында өзгерісті, жаңалықты аңсаған халық тұр. 

«Мен біріккен оппозиция өкілімін деп айта алмаймын. Себебі оппозиция өкілдері өзімді қаралап отырғандықтан мен қазір жалғызбын. Мен саясаттанушы ретінде мемлекеттік арналарда сұхбат беріп жүрдім. Көптеген бағдарламада қонақ болдым. Әр мәселеге қатысты пікір білдірдім. Соған байланысты мені Ақорданың адамы деп ойлайтындар бар шығар. Бірақ мен биліктің емес, өмірден өткен әкем мен сексеннен асқан анамның жобасымын. Менің артымда өзгерісті, жаңалықты аңсаған халық тұр», — деді президенттік үміткер. 

stan.kz