Президентті күткен Кәлпе ауылындағы қарбалас

0

Талдықорған қаласынан 50 шақырымдай жерде орналасқан Кәлпе ауылына «жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келмек». Ауыл тұрғындары президентті күтіп алуға қызу дайындалып жатқандарын айтады. Бұл ауылда президенттің әкесі Кемел Тоқаев дүниеге келген. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында туса да, балалық шағының біраз бөлігі осы Кәлпеде өткен.

«БҰЛ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕРЛЕСІНЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІ»

Азаттық тілшісі Алматы облысы Жолбарыс батыр ауылдық округіне қарасты Кәлпе ауылына сәуірдің 27-сі күні барып қайтты. Ауылдың кіре берісінен басталатын теп-тегіс асфальт жолдың жаңадан төселгені көзге бірден көрінеді. Жол бойында кезіккен өзге ауылдарда көзге түспеген тіршілік нышаны Кәлпеде аңғарылады. Жол жөндеушілермен бірге бірнеше адам жаңа салынған асфальтті сыпырып жүр. Олар өздерін «биржаданбыз» деп таныстырды. Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне «жұмыссыз» ретінде тіркелгендер өздерін осылай атайды. Аптасына бес күн, таңғы сегізден кешкі алтыға дейін түрлі жұмыс істейтін олар әр сенбі сайын сенбілікке де шығады. Көше тазалап жүргендердің айтуынша, ауыл «президент Қасым-Жомарт Тоқаев келеді» деп, бір айдан бері қарбаласып жатыр.

Кәлпе ауылының тұрғыны Зоя Асанбаева. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кәлпе ауылының тұрғыны Зоя Асанбаева. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

— Осы ауылдың келінімін. Тұрып жатқаныма 25 жылдай болды. Тоқаев бізге қайын аға болып келеді. [Көшені] сыпырып жинап, сырлап, әктеп жатырмыз. Қолымызға берген жұмысты істеп жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Зоя Асанбаева.

Азаттық тілшісі ауыл әкімдігіне де барды. Күн сенбі болғанымен әкімдік ашық екен. Кеңсеге кіре бере мұрынға әлі кеппеген сырдың иісі келеді. Іште жұмыс киімін киген бір топ әйел үстелді жағалай шәй ішіп отыр. Маңдайларына, қолдарына, сырт киімдеріне әктің дақтары жұққан. Олар өздерін «әкімдіктің қызметкеріміз» деп таныстырды. Жұмысшылардың бірі «көшедегі ағашты әктеу үшін сенбілікке шыққан едік» деді. Кейін әкім Сержан Аңдасбаев та келді.

«Бес жылдан бері Жолбарыс батыр ауылдық округін басқарамын» деген ол тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, күн көрісін және кәсібі жайлы айтып, түгел тізіп шықты. Әкім ауылдағы қарбалас тірлік жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына «бұл – тұрғындардың жерлесіне кұрметі» деп түсіндірді.

Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі Сержан Аңдасбаев. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі Сержан Аңдасбаев. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

— Кез келген адам, былайша айтқанда кез келген саналы азамат, алыстан құрметті қонақ келсе, жан-жағын әдемілеп, етек-жеңін жинап, жақсы күтіп алуға тырысады. Енді жылдағыдан ерекше тазалық болса, бұл – тұрғындардың көзқарасы, тұрғындардың жерлесіне деген құрметі, — деді әкім.

Аңдасбаевтың сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев балалық шағы өткен ауылға 2002 және 2007 жылы келіп кеткен. Ауыл әкімі Қазақстанның қазіргі президентін «шыққан жерінен қол үзбеген азамат» деді.

Кемел Тоқаевтың атына берілген көше. Кәлпе ауылы, Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кемел Тоқаевтың атына берілген көше. Кәлпе ауылы, Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кәлпе ауылында 2007 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев атына көше берілген. Бұл көшенің жолы толық асфальтталып, ортасы арнайы ақ сызықпен бөлінген. Жол бойына жарық шамдары қойылған. Шарбақтары сымдай тартылған көше алыстан менмұндалап тұр. Ал осы көшемен қатар жатқан басқа көшелерде асфальт та, шам да жоқ.

Кәлпе ауылының орталығындағы жөндеу көрмеген көшелердің бірі. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кәлпе ауылының орталығындағы жөндеу көрмеген көшелердің бірі. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Бұл көшелердің тұрғындары сөйлесуге құлықсыз. Жөн сұраған бірнеше адам ауыл ақсақалдары алқасының төрағасына баруы керегін айтып, жол сілтеді.

«БҰРЫН АУЫЛДАҒЫ ЖОЛ ЖҮРУГЕ КЕЛМЕЙТІН»

Ауыл тұрғындарынан Тоқаев жайлы сұраса, онымен туысқан, рулас екендерін айта бастайды. Кейбір адамдар арнайы бұрылып келіп, «Тоқаев келді ме?» деп сұрап жатты. Тұрғындардың көбі жолдың жөнделіп, аулалардың боялғанына, ауылдың ретке келіп қалғанына қуанышты.

— Бұрын ауылдағы жол шұрық-тесік еді, жүруге келмейтін, — дейді тұрғындардың бірі.

Ауласына сепкен жүгерінің бетін тегістеп жүрген ауыл тұрғыны. Кәлпе, Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Ауласына сепкен жүгерінің бетін тегістеп жүрген ауыл тұрғыны. Кәлпе, Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Азаттық тілшісі орталық көшенің бойында орналасқан үйлердің біріне бас сұқты. Үй иелері ауласындағы бірнеше сотық жерге жүгері сеуіп, бетін трактормен тегістеп жүр. Тағы бір жерге картоп егіп қойған.

— Өткен жылы қызылша егіп едік. Бірақ үсік жүріп, шығынға ұшырадық. Биыл жүгері септік. Күйеуіміз екеуміз де ешқандай жұмыс істемейміз. Мал да жоқ. Мал ұстағанымен, оны бағатын жер де жоқ. Айналаның бәрі егістік. Ал ауылда бір айдан бері жұмыс қызу. Ауылға президент келеді деп, бір айдан бері дайындалып жатыр, — дейді Самал Бабыкенова есімді тұрғын.

Кәлпе ауылындағы тұрғын үйлердің бірі. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кәлпе ауылындағы тұрғын үйлердің бірі. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Әкім Сержан Аңдасбаевтың сөзінше, ауылда жайылымның жоқтығынан тұрғындардың көбі қызылша егеді. Ауыл басшысы өткен жылы 800 гектар жерге қызылша еккендерін, биыл да сол мөлшерде болатынын жеткізді.

Бірақ ауыл тұрғыны Күлән Жүнісова былтыр қызылшаны өткізе алмағандарын, өнімнің көбі қар астында қалып қойғанын айтты.

Кәлпе ауылының тұрғыны Күлән Жүнісова. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

Кәлпе ауылының тұрғыны Күлән Жүнісова. Алматы облысы, 27 сәуір 2019 жыл.

— [Қант қызылшасын] егуі егеді ғой. Еңбектенсе шығады. Бірақ сол еңбекті бағалап, қант қызылшасын жинағаннан кейін қабылдайтын дұрыс жер болса дейміз. Былтыр қант зауыты жай ашылды да, тұрғындар қиналып қалды. Ақыры қант қызылшасы үсіп, қардың астында қалды. Көп адам пайда емес, зиян шекті. Осы мәселе шешілсе дейміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз ауылына деген көзқарасы дұрыс болып, осы мәселелерді шешіп берсе деп тілейміз. Балаларымыздың да табысы дұрысталар еді,- дейді ол.

Ауыл әкімдігінің дерегінше, Кәлпеде 1800-ге жуық адам тұрады. Диханшылықпен айналысатын 86 шаруашылық бар. Ауылдың негізгі күнкөрісі – қызылша.

Кәлпеліктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қай күні келетінін білмейді. Бірақ тұрғындар «Кәлпеге президент мамырдың басында келеді екен» деп естіген.

Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 19-ы күні президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына сол кездегі сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындаған. «Нұр Отан» партиясы Тоқаевты маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды.

Azattyq