Қазақстан прокуратурасы азаматтарға заңсыз митингіге шықпауды ескертті

0

Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарға рұқсат етілмеген митингіге шыққандар жауапқа тартылатынын ескертті. Бас прокурор орынбасары Марат Ахметжановтың ескерту жазылған үндеуі Бас прокуратура сайтында дүйсенбі, 29 сәуірде жарияланды.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақыру жазбалары тарап жатыр. Мұндай акцияларға қатысқандардың әрекеті бейбiт жиындар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу деп танылады» деп жазылған үндеуде.

Бас прокуратураның жазуынша, құқық қорғау органдары заңсыз митингіге шыққандарға тиісті шара қолдануға міндетті болады. «Мұндай акцияға қатысуға шақырғандар, ұйымдастырғандар не қатысқандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабымен жауапқа тартылады» деп ескертеді ведомство.

Нұр-Сұлтан полициясы 1 мамырда өтуі мүмкін акция туралы ​кеше, 29 сәуірде бір топ жасты тергеу кезінде сұраған. Тергеуден бір күн бұрын жастар Алматы марафоны кезінде баннер ілген соң қамалған екі белсендіні қолдап шыққан. Азаттық сөйлескен екі азамат өздеріне полицияның «1 мамырда артық нәрсе істегеннің бәрін ұстаймыз. Абай болыңдар» деп ескерткенін айтты. Полиция олардан Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы туралы сұраған.

Кеше, 29 сәуірде Алматы соты Қазақстан Конституциясынан цитата ілген Роман Захаровты ұсақ бұзақылық бабымен 5 тәулікке қамады. Захаров ілген баннерде Конституцияның 3-бабы 1-тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деген сөз жазылған.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні — Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған. Қамауда отырған Әсия Төлесованың адвокаты 23 сәуірден бері белсендінің аштық жариялап отырғанын хабарлады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары — Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.

Америкалық Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының биыл ақпанда жарияланған «Әлемдегі еркіндік – 2019» есебінде Қазақстан «еркін емес» елдер санатына кірген. Бұл санатқа Қазақстан былтыр да кірген. Ұйымның интернеттегі еркіндік (Freedom on the Net-2018) рейтингінде Қазақстан 65 елдің ішінде 46-орында тұр.

Azattyq