Тараздағы төтенше жағдай: президент үкіметтік комиссия құруға тапсырма берді
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен құрылған комиссия мүшелері Тараз қаласына аттанды
АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласындағы төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
27 ақпанда сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шы шағын аудандағы 62-ші үйдің 1-3 қабаттары құлаған. Бастапқы мәлімет бойынша, жарылыс екінші қабаттағы 46-шы пәтерде болыпты.
ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды, үйдің барлық тұрғыны толық көшірілді. Үйінді астынан 8 адам шығарылды, оның 2-уі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі — орташа ауыр.
Тараз қаласындағы төтенше жағдай туралы үкімет басшысы Асқар Мамин шұғыл түрде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына аттанды.
Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №47 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалды. Олармен медицина қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеуде.
Төтенше жағдайлар комитетінің бастапқы мәліметі бойынша, жарылыс газ жабдығын пайдалануда қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан болған.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды.
sputniknews.kz