Президент төтенше жағдай кезінде Елбасының қалай әрекет еткенін айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін қазақстандық БАҚ өкілдеріне алғаш рет сұхбат берді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Төтенше жағдай кезінде көпшілікке бой көрсетпеген Елбасының қалай әрекет еткені де айтылды. Президент «Араларыңызда қандай да бір келісім болды ма?» деген сұраққа жауап берді.
«Ешқандай келісім болған жоқ. Жеке артықшылықтар туралы да әңгіме болған жоқ. Бір ғана нәрсе – Қауіпсіздік кеңесі басшысының мәртебесі туралы мәселені шұғыл шешу қажет болды. Ал жағдай ушыға бастағанда мен халыққа үндеу жасайтынымды айттым. Сол сәттен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болдым.
Бұл мәселе тез шешілді. 28 қаңтарда Nur Otan партиясының съезі өтті, мен онда сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи рөліне баға бердім. Менің ойымша, бұл бағалау объективті және дәл осы сипаттама болашақта адамдар үшін бағдар болады деп үміттенемін», – деді президент.