президент Тоқаев жаңа тапсырмалар берді
Президент «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құрып, биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашуды тапсырды
НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз — Sputnik. Туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет, деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумы барысында.
«Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс», — деді ол.
Президент «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналғанын атап өтті. Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек.
«Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», — деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет, деді президент.
«Қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр. Туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет», — деді Тоқаев.
Қ.Тоқаев: Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына, ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Қасиетті Ұлытау – ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі…
— Ақорда Баспасөз қызметі (@AkordaPress) August 24, 2019
Мемлекет басшысы Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс екенін айтты. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек.
«Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына, ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Қасиетті Ұлытау – ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі. Бұл бастамалар халқымыздың ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге оң ықпал етеді деп сенемін. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек», — деді Тоқаев.
sputniknews.kz