ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН НЕГЕ ЕЛЕМЕЙДІ? | «Айқын» газеті
Еліміздегі бірқатар министрлер мен әкімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметшілердің 8 сағаттық жұмыс нормасын сақтау туралы тапсырмасын елемей отыр. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.
Агенттік төрағасы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өткен апта бойы азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, барлық орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерде жұмыс кестесінің сақталуына қатысты жүргізілген көшпелі мониторинг нәтижесін жариялады. Оның айтуынша, жұмыс кестесін бұзған 113 дерек анықталған.
«Достар, өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің негізсіз артық жұмыс істеуін болдырмау туралы айқын нұсқау берді. Маңызды зерттеулердің барлығы үздіксіз шамадан тыс жүктемелердің еңбек өнімділігін төмендететіндігін көрсетеді. Америкалық зерттеулер бойынша, 8 сағаттық жұмыс күнінің соңына қарай қателіктер саны орта есеппен
10 пайыз өссе, 10 сағаттық жұмыс күнінің соңына қарай бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызды құрайды. Біз әзірге мемлекеттік қызметшілердің 8 сағат және 5 күн форматындағы жұмысының ұтымды режимі үшін күш жұмсап жатқан уақытта, бірқатар алдыңғы қатарлы компанияларда 6 сағаттық жұмыс күні енгізілген, ал жұма – қашықтан жұмыс істеу күні саналады», – дейді А.Шпекбаев.
Оның айтуынша, агенттік екі ай ішінде барлық мемлекеттік аппаратта артық жұмыс істеуге жол берілмеуіне қатысты ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал өткен аптада жұмыс кестесінің сақталуы тексерілген.
«Нәтижесінде 113 бұзушылықты анықтадық. «Көшбасшылар» қатарында – Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Алматы облыстарының әкімдіктері. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: аталған мемлекеттік органдар проблеманың маңызын түсінбей ме немесе Президенттің тікелей тапсырмасын қасақана елемей отыр ма? Біз еңбек заңнамасын бұзушыларға қатысты шара қабылдау үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының атына ұсынымхаттар жолдадық. Жүйелі сипат алған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдар басшыларының әкімшілік жауапкершілігін тексеру және қарау үшін еңбек инспекциясына материалдар жолданды», – дейді ол.
Мемлекеттік қызметшілердің сағат 18:30-дан кейін жұмыс орындарында жаппай болуының тағы бір проблемасы әкімшілік шығыстардың өсуіне әкеп соқтырады. Алайда әзірге оны түсінетіндер аз болып тұр. Айтқандай, Алик Жатқамбайұлы басқаратын агенттікте де артық жұмыс істеу проблемасы болған екен, бірнеше тексеруден соң кінәлі қызметкерлер мен олардың тікелей басшылары үстемеақыдан айырылыпты. Нәтижесі жаман емес, жұмыс уақтында аяқталатын болған. Бәлкім, басқаларға да осы әдісті қолданып көру керек шығар…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын