Денис Тен туралы көркем фильм түсірілмек

0

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.kz тілшісі. Ұрылардың қолынан қаза тапқан Олимпиада жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен алдағы уақытта ұлы туралы фильм түсірілуі мүмкін екенін хабарлады.

Бүгін Астанада Денис Тен атындағы қор алғашқы кездесуін өткізді. Жиында Оксана Тен танымал спортшы Денис Тен фильм түсірілетінін жеткізді.

«Қор тамызда құрылды. Оның мақсаты Денис Теннің армандарын орындау. Денис сан қырлы азамат болды. Ол бірнеше шығармашылық бағытты ұстанды. Сондықтан біз қордық жұмысында бірнеше бағытты белгіледік. Ол музыкалық жобаларды жүзеге асыру. Яғни музыкалық дискісін, оның мәнерлеп оқыған өлеңдері мен ертегілер жинағын шығару. Денисте біраз шығармалар жиналып қалды. Әрине, көркем фильмін түсіру. Оны көпшілік күтіп отыр. Ол «Слепая любовь» фильмінің сценарийі бойыша болады», — деді ол брифингте.

Осы орайда режиссер Тимур Бекмамбетов фильм туралы тиісті ақпарат журналистерге алдағы уақытта берілетінін жеткізді.

«Әзірше режиссердің аты-жөнін айта алмаймын. Шешімді қордың мүшелерімен келісе шығарамыз. Бірақ фильм АҚШ-та түсіріледі. Ол ағылшын тілінде болады. Сценарийге өзгерістер қордың мүшелерінің келісімімен ғана енгізіледі. Фильм қор қаржысы есебінен түсіріледі. Менің жеке пікірім, фильм коммерциялық өнім ретінде емес, Денис Тен туралы естелік ретінде болуы қажет», — деді режиссер.

Айта кетейік, брифингке ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ мен оған еншілес компаниялардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында аталған қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі мүшелері, осы ұйымның 2019 жылға арналған жоспарлары және қор жұмысының алғашқы нәтижелері туралы әңгімеледі.

Қамқоршылық кеңесінің құрамына КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Тарасова, Ұлттық конькимен сырғанаушылар федерациясының басшысы, ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетов, «Орталық Азия отын-энергитикалық компаниясы» АҚ президенті Сергей Кан, әрі басқа да адамдар кіреді.

Қордың қамқорлық кеңесін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов басқарады.

Осыған дейін 2019 жылы Денис Тен академиясы ашылатынын хабарлағанбыз.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ