Президент Шымкенттегі мектеп-интернатқа көлік сыйлады

0

Шымкент, BAQ.KZ. Шымкент қаласындағы Сайрам көмекші мектеп-интернатының балалары үшін ерекше күн болды. Өйткені олар Елбасының жолдаған құттықтау хаты мен сыйға тартқан отандық су жаңа автокөлігін алды.

Мемлекет басшысының алғыс хаты мен сыйлығын қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тәрбиеленушілер мен ұжымға арнайы барып тапсырды.

Айта кетейік, аталған балалар үйінің тәрбиеленушілері 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ұжымдық құттықтау мен өз қолдарымен жасалған өнер туындыларын жолдаған болатын. Балалардың хаты мен сыйлығын қабыл алған Елбасы алғысын білдіріп, ыстық лебізін жеткізді.

Мектеп-интернатының ғимараты 1916 жылы құрылған тарихи нысан болып табылады. Бұл мекеме отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Туабітті кемістігі бар балаларды өнерге баулып, қоғамға бейімдейді. Олар ерекше оқытуды қажет етеді. Бүгінде мұнда 210 оқушы тәрбиеленіп жатыр.

Осы күні Шымкент қаласындағы №4-ші балалар үйінің тәрбиеленушілеріде ерекше көңіл күйге бөленді. Қала әкімі аталған балалар үйіне барып, балғындарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, 80 тәрбиеленушіге арнайы дайындалған спорттық костюмдер жиынтығын сыйлады. Балалар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Айта кетейік, қазір №4 балалар үйінде 80 бала – 40 ұл және сонша қыз бала тәрбиеленуде. Олардың 26-ы тұл жетім болса, 54-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ