Президент Қазақстан полициясын реформалау қалай жүргізілетінін айтып берді
2018 жылғы 28 желтоқсан 23:54 144
АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан полициясын реформалау жұмыстары қалай жүргізіледі? Ауқымды жұмыстар туралы отандық БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз халық арасында сауалнама жүргізген едік. Мен сол кезде көпшіліктің құқық қорғау органдарына деген наразылығы барын білдім. Әсіресе, біздің спортшымыз Денис Тенмен болған оқиға… Күнделікті қылмыстың тізбегін оқып отырсам, жол-көлік оқиғасы салдарынан күніне 10-15 адам қайтыс болып жатады. Кісі өлімі бойынша да күніне 4-5 жағдай тіркеледі. Бірақ, бұл жағдай (Денис Теннің өлімі) резонанс тудырды. Қазір бұл қылмысты жасағандардың ісі бойынша сот отырыстары өтіп жатыр. Бұл жағдайға ғана емес, жалпы полиция жұмысына деген наразылық бар», — деді Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.
Президент сол себепті осы мәселеге жіті назар аударып, полициямен өте тыңғылықты жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.
«Біріншіден, полицияның жаңа келбетін жасауымыз керек. Ол үшін қазіргі таңда шенеуніктерді азайту керек деп шештік. 12 оқу орнының бесеуі ғана қалады. Қазір оларда үш адамға бір командирден келеді. Енді жоқ дегенде бесеуіне бір командир қылмақпыз. Бұның бәрінен үнемделген қаражатқа полицейлердің айлық жалақысын арттырамыз. Екіншіден, Батыста полиция академиясында жарты жыл ғана оқиды. Бізде болса, бес жыл бойы оқиды да, бұл ұзақ оқудан ешқандай пайда болмайды. Сондықтан, бес оқу орнында осындай академия құрамыз. Бес-алты ай жас өренді оқытып, шен беріп, әлгі қызметкер жұмысқа аттанады. Менің ойымша, ЖОО-лардағы заңгерлік факультеттерді бітіретін көп жігіттерді сол жаққа қарай тартуға болады» — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, барлық полиция учаскелерінде фронт-кеңселер болуы керек. Ол жерге қарапайым азамат келіп, кез келген сұрақтарына жауап ала алуы тиіс.
«Яғни, азаматтардың полицияға деген сенімі болуы керек. Қазақстандық полиция қызметкерлері — біріміздің туысымыз, біріміздің баламыз немесе бауырымыз. Біздің олардың жұмысына қолдау білдіргеніміз абзал. Осы жылдардың ішінде мен атап өткенімдей, 779 полицей қайтыс болған. Демек, олар екі қолын төбесіне қойып, бос отырған жоқ. Олардың арасында өте адалы да бар. Оны да ескеру керек. Сол себепті, полиция бейнесін мүлде басқаша ету үшін бәрін де түбегейлі өзгертетін боламыз. Оларға яғни, жақсы кіріспен бірге жауапкершілік те арттыру керек. Тиісті әлеуметтік пакетпен де қамтамасыз етілуі тиіс. Егер ол өз міндеттемесін лайықты атқара алмайтын болса, ол осы артықшылықтардың бәрінен, зейнетақысына дейін айырылатын болады. Сот жүйесінде де солай. Соттарды іріктеуде де бағыт, соттарға деген талап өзгеруде. Азаматтар кез келген мәселесімен сотқа барып, сұрақтарын шеше алуы керек», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz