Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың виртуалды қабылдауы ашылады
Ақорда сайтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың виртуалды қабылдауы ашылады деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли 20 сәуірде.
Ол сайтта виртуалды қабылдау бөлімінің пайда болуын Тоқаевтың әлеуметтік желідегі парақшаларына күн сайын түсіп жатқан қолданушылар пікір-сұрақтарымен байланыстырған.
«Жазылған пікірлердің арасында жүйелі түрде жұмыс істеуді қажет ететін өте құнды және маңызды ақпараттар да бар. Сондықтан да, мемлекет басшысы азаматтар ресми түрде сұрау сала алатындай заңдық күші бар Виртуалды қабылдау ашуды тапсырды. Азаматтардың осы Виртуалды қабылдауға жазған әр хаты тіркеледі, келіп түскен хаттарды президенттің өзі және әкімшілік қызметкерлері қарастырады” деп жазды Берік Уәли Facebbok-тағы парақшасында. Оның айтуынша, виртуалды қабылдау 22 сәуірден бастап жұмыс істей бастайды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі кезде Twitter (@TokayevKZ) және Instagram-да (tokayev_online) ресми парақшасы бар.
Тоқаев президент өкілетіне кіріскелі бері оның әлеуметтік желідегі парақшаларына түскен шағым-өтініш, пікірлер барған сайын көбейіп барады. Мысалы, Twitter желісіндегі парақшасында қолданушылар елде азаматтардың құқығы жиі тапталатынын, белсенділер қуғындалатынын, елде жемқорлық өршігенін, Қытайдағы қазақтар мәселесі аз айтылатынын жазған.
Кейбірі жеке мәселелерін президенттен шешіп беруін өтінген.