Премьер-министрге сауал жолдаған: Шамалған тұрғындары бір жыл бұрын пойыздар мәселесіне шағымданған – Қазақстан жаңалықтары

0
65

Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде Алматы облысындағы Шамалған станциясында пойыз бен жолаушылар автобусының қатысумен болған ауыр жол апатынан кейін тұрғындар шу шығарып, көпір салынуын талап еткен еді. Белгілі болғандай, бұл жердегі темір жолды кесіп өтудің қауіптілігі мәселесі быр жыл бұрын да көтерілген. Сол кезде мәселеге депутаттар да қосылып, ҚР премьер-министрінің атына сауал жолдаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

пойыз

Осыдан быр жыл бұрын Қарасай ауданының Елтай және Шамалған станцияларының тұрғындары пойыздардың қозғалыс жиілігінің салдарынан жол жүру қиындағанын айтып шағымданған. Мәселеге аралсқан депутаттардың премьер-министрге жолдаған сауалындағы мәліметке сәйкес, ауыл тұрғындарының қиындығы Алматы-1 – Шу аумағында екінші жолдардың пайдалануға берілгеннен кейін басталыпты. Себебі, соның салдарынан пойыздардың қозғалыс қарқыны тәулігіне 120-ға жеткен немесе орташа есеппен, пойыздар қозғалысының интервалы 5-10 минутты құрады.

Депутаттардың пікірінше, бұл темір жолды кесіп өтетін тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сонымен қатар темір жол өткелінде шақырымдаған көлік кептелісінің туындауына алып келеді.

«Өткелде таңғы сағат 4-тен 7-ге дейін және кешкі 20-дан 22-ге дейінгі қауырт уақыттарда жағдай қиындай түседі. Осы уақыттарда жол-көлік оқиғаларды да жиін орын алады. Өткел автокөлік иелеріне ғана қиындық тудырып қоймай, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті. Биылғы жылы бірнеше адам пойыз астына түсіп көз жұмған», – делінеді депутаттардың бір жыл бұрын жолдаған сауалында.

Өткен жылы осылай деп станциядағы тұрғындардың мәселесін көтерген депутаттар үкімет басшысынан Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жаяу жүргіншілерге арналған көпір мен автокөліктерге арналған өткел салып беруін сұраған.

Еске сала кетсек, күні кеше дәл осы Ақсеңгір-Шамалған өткелінде жантүршігерлік жол апаты орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі – бала, біреуі – әйел адам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Оқиғадан кейін станция тұрғындары көпір салынуын талап етіп, шу шығарды. Олармен кездесуге Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келді.



stan.kz