Полицияға қазақстандықтардың 37%-і толық, 38%-і жартылай сенеді — зерттеу

0

«Global Peace Index» халықаралық ұйымының рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-ші орында. Ал, ТМД елдері ішінде көш басына тұрақтаған. Мұндай деректерді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сенаттағы Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды «Азаттық Рухы» сайты.

Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2020 жылы еліміздің Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама бойынша, азаматтардың 37%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері де тиісті деңгейде шешіліп жатқаны белгілі болды.

«2021-2023 жылдар аралығында полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жалақысы өседі.  Бірінші кезекте аз қамтылған сержанттар, кинологтар, учаскелік полиция көмекшілері, күзет және басқа қызметтердің жалақысы 15%-дан 58%-ға дейін көтеріледі. Себебі олардың жалақысы өте төмен. Қалған қызметкерлердің жалақысы осы кезеңде 30%-ға өседі. Тұрғын үй үшін өтемақы алатын бөліністер саны 27%-дан 78%-ға дейін өсті, енді 23 мың қызметкер өтемақы алады», — деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Ішкі істер органы қызметкерлерін әскери қызметшілерге ұсынылатын төлем тетігіне ауыстыру жұмысы жүріп жатқаны мәлім болды.

«Қызметкерлерге берілетін бұл төлемдер банктік ипотека арқылы баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа нормалар қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе жарақат алған қызметкерлердің отбасына тұрғын үй төлемдерін төлеу жүйесін сақтап қалуға жағдай жасайды», — деді Ерлан Тұрғымбаев.