Полиция Заречный түрмесіндегі азаптау видеосын «тексереді»
Қазақстанның ішкі істер министрлігі интернетте сотталған азаматтардың соққыға жығылып жатқаны туралы видео тараған соң тексеру бастады.
Даулы видео 25 шілде күні YouTube-та жарияланған. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты бірде жерге жатқызып алғаны, бірде екі қолын артына қайыра іліп қойып, ұрып жатқаны көрінеді. Толис Тахон есімді қолданушы бөліскен видео сипаттамасында «Сотталған азамат түрме әкімшілігінің заңсыз әрекетіне шағынып прокурорға шағым түсірген екен. Әкімшіліктің оған не істегенін қараңдар» деп жазылған.
Қазақстандық басылымдар сілтеген министрлік хабарламасында «қызметтік тексеру тағайындалғаны» айтылады. «Желіде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/8 мекемесіндегі (Заречный ауылындағы түрме) қызметкерлері мен сол колонияда жазасын өтеп жатқандардың заңсыз әрекеті түсірілген видео жарияланды» деп жазады ведомство.
Министрлік хабарлауынша, тексеріс жүргізу үшін облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасының шұғыл тергеу тобы мекемеге жіберілген.
Қазақстандық белсенділер мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтардың түрмеде азапталатынын біраздан айтып келеді. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары да «Қазақстан түрмелеріндегі азаптау тыйылмай тұр» деп, Нұр-Сұлтанды бірнеше рет сынаған. Нұр-Сұлтан түрмедегі азаптау туралы Азаттықтың жекелеген оқиғаларға қатысты сауалына толық жауап бермегенімен, түрмеде отырғандардың азапталатынын жоққа шығармайды.